Алматыда жедел жәрдемнің 415 қызметкеріне үстемеақы беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жедел жәрдем қызметінің 415 қызметкері жалақысына қосымша үстемеақы алатын болды. Бұл туралы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов онлайн брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қызметкерлердің жалақысы бұған дейін қоңырау санына қарай есептелетін.

«Соңғы 3 жылда бізге 1 млн-ға жуық қоңырау түскен. Әр екінші тұрғын жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Оның 955 мыңы биыл түскен. Қазір бізде еңбекақысы жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесімен есептеледі. Ол бір адамға 163000 теңге шамасында. Келесі жылы еңбекақысы 30%-ға өседі»,- деді Біржан Оспанов.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен жедел жәрдем қызметкерлеріне коронавирус жұқтыру қаупіне байланысты 1-2 дәрежелі қосымша төлемақы қарастырылған.

«2- дәрежелі төлемақыны дәрігер мен фельдшер алады. Олар жалақысына қосымша 425 000 теңге алады. Сондай-ақ, барлық жүргізуші 3-дәрежелі төлемақы 212 мың теңге алады. Бұл бұйрыққа 415 қызметкер енбей қалды. Олар - санитар қызметкерлер мен диспетчерлер. Біз бұл мәселенің де шешімін таптық. Жергілікті бюджеттен осы мақсатта қазан, қараша, желтоқсан айларына қосымша 212 000 теңгеден төлеу қарастырылған», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар