Алматыда жедел жәрдем қызметінің келу уақыты 9 минутқа қысқарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда медициналық жедел жәрдем жұмысы станциясының базасында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ахуалдық орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, енді жедел жәрдем станцияларының жұмысы толық автоматтандырылады.

«Тұрғындардың «103» телефоны бойынша шақыртулары бірден ақпараттық жүйеге келіп түседі. Онда жеделділік санаттары бойынша ақпарат 3-ке бөлінеді. 4 санаттағы шақыртулар қаланың тиісті емханаларына бекітілген шұғыл көмек көрсету бригадаларына жіберіледі», - деді хабарламада.

Мамандардың айтуынша, ахуалдық орталықтың жұмысы пациенттерге келу уақытын 28 минуттан 18-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Шақыртудың 1 санатына келетін болсақ, жедел жәрдемнің келу уақыты 9 минутқа дейін қысқарды.

Жалпы алғанда, бірыңғай ахуалдық орталық шұғыл жағдайларды шешуде қажетті басқарушылық және стратегиялық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Алматыда әрбір жедел жәрдем бригадасы жаңа планшеттермен жабдықталған. Бұл пациент туралы ақпаратты және кез келген ілеспе құжаттаманы электрондық форматта енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, қалалық ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшті. Бұл медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді және уақыт үнемдейді.

Сондай-ақ, ахуалдық орталықта жақын арада 50 медиабордтан тұратын зияткерлік ақпараттық навигациялық жүйе интеграцияланды.

Бұл Алматы қаласының жолдарында жедел жәрдем бригадасының жақындап келе жатқан көлігін өткізіп жіберу қажеттігі туралы жол қозғалысына қатысушыларды хабардар етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар