Алматыда жазушы, ғалым Әбілфайыз Ыдырысов туралы кітаптың таныстырылымы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Өнегелі өмір» сериясы бойынша белгілі қоғам қайраткері, публицист, жазушы Әбілфайыз Ыдырысов туралы кітаптың тұсауы кесілді.

Аталмыш шараға Әбілфайыз ағаның өзі, университет басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қарымды қаламгерлер, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

«Қазақ журналистикасының ардагері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз биыл 85 жасқа толып отыр. Ол осы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің түлегі. Өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын осы жоғары оқу орнына арнады. Талай журналист мамандарды тәрбиелеп шығарды. Менің де қадірлі ұстазым. Ағамыздың өмірі мен еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол газетті безендіру, түрлендіру өнерінің негізін салып берген кісі. Осы салаға қатысты оқу құралдарын шығарды. Қазір технология қанша дамыды десек те, бұл кітаптар өзінің маңыздылығын жойған жоқ», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы, ақын, тарихшы Сағатбек Медеубек.

Естеріңізге сала кетелік, Әбілфайыз Ыдырысов 1930 жылы 23 ақпанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Егіндісай ауылында туған. Жазушы, журналист, педагог, тарих ғылымдарының кандидаты. Өзінің еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінің редакциясында әдеби қызметкер ретінде бастап, бас редактор қызметіне дейін көтерілген. Сондай-ақ, радиода, республикалық басылымдарда тынымсыз еңбек етті.

Өзінің шығармашылық еңбек жолында 800-ден астам публицистикалық мақалалар, очерктер, оқулықтар, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу» тағы басқа да пәндер бойынша әдістемелік құралдар дайындады.

Әбілфайыз Ыдырысовтың деректі «Таңшолпан» романының авторы ретінде де танымал тұлға.

Соңғы жаңалықтар