Алматыда жазушы Әзілхан Нұршайықовқа арналған кітап көрмесі өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық кітапханада «Мөлдір махаббат жыршысы» атты кітап көрмесі Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына арналды.

Кітапхананың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көрменің мақсаты оқырман қауымға Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығы, оның қоғамдық қызметі туралы кеңірек таныстыру болып табылады.

Кітап көрмесінде оқырман қауым Ә.Нұршайықовтың журналистік, шығармашылық қызметімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ көрмеде мерзімді басылым беттерінде жазушы туралы шыққан материалдар ұсынылған.

«ҚР Ұлттық кітапханасының қорында Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығы туралы 1000-ға жуық материал, оның публицистикалық мақалалары, жинақтары, очерктері, әңгімелері мен романдары сақталған»,- деді баспасөз қызметінде.

Әзілхан Нұршайықов – «Жамбылға хат», «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры», «Өмір өрнектері» және т.б. көптеген жинақтар, очерктер, әңгімелер, повестер мен романдардың авторы. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» романы үшін автор Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына (1978) ие болды.

«Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағына ие (1990). «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1995), «Парасат» (2005) және «Отан» (2010) ордендерімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар