Алматыда жазда бес бала терезеден құлап кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда осы жазда көпқабатты үйлердің терезелерінен бес бала құлап кеткен. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, оқыс оқиға салдарынан балалар түрлі жарақаттар алып, кейбірі көз жұмған.

«Бұл көбінесе ересектер күндіз-түні терезелер мен балкондарды ашық тастап кеткен кезде орын алады. Жоғары қабаттан, әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар құлап кетеді. Кішкентайларға қазір бәрі қызық, олар қауіп дегенді білмейді», - деді ТЖД.

2 тамызда Медеу ауданында 4 жасар бала бес қабатты үйдің 5-ші қабатынан құлады. Бүлдіршін жедел-жәрдем келгенше көз жұмды. Дәл сол күні Әуезов ауданында екі жасар қыз терезеге қойылған торымен бірге төменге қарай құлаған. Басынан жарақат алған ол ауруханаға жеткізілді, қазір ес-түссіз жатыр.

Осыған байланысты, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға қажетті ережелерді айтады.

«Балалар терезе 12,5 см ашық тұрса төменге құлап кетуі мүмкін. Сондықтан, терезеге арнайы құлыптар орнатқан жөн. Балаларға терезелерден алыс жерде ойнауды түсіндіріп, үйрету керек. Оларды үнемі қадағалап отыру қажет. Жәндіктерден сақтайтын торларға сенуге болмайды», - деп толықтырды департаментегілер.

Сондай-ақ, мамандар қарапайым және сенімді құрылғы туралы айтты.

«Арнайы кабельді жіп терезелерді кеңінен ашуға мүмкіндік бермейді. Бұл құрылғыны пластикалық және ағаш терезелерге орнатуға болады. Желдету кезінде де өте қолайлы. Бұл тәсіл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті төтенше жағдайлар департаментінде.


Соңғы жаңалықтар