Алматыда жасыл кеңістікті күтіп ұстауда жауын-шашын суы кәдеге жаратылмақ

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда мегаполистің бас жоспарын талқылаудың үшінші күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында «Эко Алматы» ЖШС директоры, жасыл кеңістік бойынша сарапшы Ақбота Мырзалиева Алматыда кейінгі жылдары қаланың жасыл кеңістігі нашарлап кеткенін айтты.

«Соңғы жылдары әлем бойынша экологиялық өзгерістерге байланысты Алматының жасыл кеңістігі нашарлаған. Сондай-ақ, жасыл кеңістікті күтіп ұстаудағы біздің бұрынғы әдісіміз өз маңыздылығын жойды. Осыған байланысты жаңа технологияны қолданып, қалаға жауын-шашын мол жауатынын ескеруіміз қажет. Ол бойынша қазір бағдарлама әзірлену үстінде. Сол арқылы қалаға түсетін мол жауын-шашынды біз жасыл кеңістіктерді суғару үшін де пайдаланатын боламыз», - деді Ақбота Мырзалиева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Алматыда арық жүйлерінің тек 11%-ғана жұмыс істеп тұр.

«Алматыда өзінің арық жүйесі бар. Алайда, бүгінгі күні оның тек 11%-ы ғана істеп тұр. Дегенмен, қазір жаңа арық жүйелерін, каналдар, магистарльдық каналдарды салу, қайта салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі жақсы, себебі қаланың жасыл кеңістігі сапалы суғаруға байланысты. Мен бүгінгі талқылауда осы мәселелер талқыланып, шешімін тауып жатқанына қуаныштымын», - деді сарапшы.

Ол Алматыда тұрғындар санына қарай жасыл кеңістік аумағы дұрыс бөлінбегенін айтты.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасы бойынша бір адамға 30-50 шаршы метр жасыл кеңістік қажет. Біздің еліміздегі нормалар бойынша бір адамға 10 шаршы метр. Дегенмен, Алматыда бұл нормалар сақталмайды. Себебі, қаланың әр ауданында бұл сандар әртүрлі. Мысалы, Медеу ауданында бір адамға 17 шаршы метр, Алатау ауданында 5-7 шаршы метр деп есептеледі. Демек, бізде бір адамға жасыл кеңстіктер дұрыс бөлінбеген. Меніңше бұл мәселені жаңа саябақ, сквер, рекреациялық аумақтарды салу, су бульвары, су қоймасы, өзен арналары, автожолдардың бойын абаттандыру арқылы шеше аламыз деп ойлаймын», - деді ол.

Еске салайық, Алматыда қаланың жаңа бас жоспарын талқылау 25 қаңтарда басталған болатын. Басты мақсат – қаланың барлық ауданында жайлы орта құру және өмір сүру сапасын арттыру болды.


Соңғы жаңалықтар