Алматыда «Жасыл ел» аясында 2 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады

None
Фото: Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жасыл ел» уақытша маусымдық жұмысқа орналастыру жобасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен салтанатты жиынға жастар көп жиналды.

«Жасыл ел» жобасы елімізде 2005 жылы бастау алды.

Оның мақсаты - қаланы абаттандыру, көшеттер егу, көгалдандыру болудан бөлек, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін азайту.


Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Жасыл ел» жобасының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Зухра Иманбаева айтып берді.

«Жасыл ел» жобасы аясында өткен жылы 1900 жас жұмыспен қамтылса, биыл 14-35 жас арасында 2100 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. «Жасыл ел» жобасы қалада жаз мезгілінде, яғни, маусым, шілде, тамыз айларында өтеді. «Жасыл елдің» құрамындағы әрбір жас ай сайын 70 мың теңге жалақы алады. Бүгінгі салтанатты жиынға маусым айында тіркелген жастар қатысып отыр. Олардың арасында жоғары оқу орындары, колледж студенттері мен жұмыссыз жастар бар», - деді Зухра Иманбаева.


Оның сөзінше, қалада жас экопатрульдер құрылады.

«Жасыл ел» жобасы аясында экологиялық семинар-тренингтер, экологиялық акциялар өтетін болады. Сондай-ақ, жас экопатрульдер құрылады. Олар қала аумағындағы экологиялық құқықбұзушылықты анықтайды, яғни, рейдтер жүргізетін болады. Жалпы, жоба аясында қаланың барлық ауданында тазалық жұмыстары жүреді», - дейді «Жасыл ел» жобасының жетекшісі.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 4 курс студенті Дана Білдебаева «Жасыл ел» жобасына қатарынан төртінші жыл қатысып келеді.

«Жасыл елге» келгелі көп достар таптым. Оның үстіне қаланың тазалығына үлесімді қосатыныма өте қуаныштымын. Ата-анам да осы жобаға қатысып жүргеніме дән риза», - дейді ол.


«Жасыл ел» жобасы біріншіден әсем қаламызды көгалдандыру бойынша жастарға берер тәрбиелік маңызы зор, екіншіден жатақхана тегін болады, үшіншіден 70 мың теңге айлық алады.

Бұл туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенті Алшын Абдикамал айтты.

«Осының бәрі біз үшін үлкен көмек. Алматы - еліміздегі табиғаты әсем қаланың бірі. Біз болсақ сол әсем табиғатты сақтауға өз үлесімізді қосамыз», - деді Алшын Абдикамал.


Соңғы жаңалықтар