Алматыда жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мансап күндері» басталды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Арбат алаңы мен Панфилов көшесінде жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мансап күндері» басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мансап күндері» қаланың әр ауданында 8 күн бойы өтеді. «Жұмыспен қамту және NEET санатындағы жастардың үлесін азайту Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. «Мансап күні» Алмалы ауданының жастары үшін көптеген мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, жастарға кеңес беру үшін үздік спикерлер мен кәсіптік бағдар беру мамандары шақырылды. Бүгінгі «Мансап күніне» қатыса алмағандар үшін Жастар саясаты басқармасы мен Цифрландыру басқармасы бірлесіп, «Jobfair 365» цифрлық бос орындар жәрмеңкесін әзірледі. Келесі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі 9 маусым күні Медеу ауданында Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді», - деді шараның ашылу салтанатында қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.

«Мансап күндері» шарасына ірі компаниялардың 100-ден астам жұмыс берушілері қатысып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ, 26 университет, 21 колледж өкілдері мен 5 мыңнан астам жастар қатысты.

«Алмалы ауданы – қаланың іскерлік және әкімшілік орталығы. Мұнда ірі компаниялардың штаб-пәтері және әртүрлі саладағы компаниялар орналасқан. Өткен жылы біз 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын аштық. Биыл 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Мұндай шараларды өткізу – жастарды қолдау және NEET санатының үлесін азайтудағы маңызды қадам болып табылады», - деді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.

Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, Алматыда 682 мың жас болса, оның 82 мыңнан астамы Алмалы ауданында тұрады.

«Бүгінде қаладағы ЖОО мен колледждерде 255 мыңнан астам студент білім алуда. Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының басым міндетінің бірі NEET (NEET – Not in Education, Employment or Training) санаттағы жастар үлесін азайту болып табылады. Бүгінгі таңда жастардың жалпы санындағы NEET жастарының үлесі 8,3% құрайды (53 мыңнан астам жас)», - делінеді қалалық жастар саясаты басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, іс-шараны Алматы қаласының жастар саясаты басқармасы ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар