Алматыда жастар көшбасшыларының кеңесі өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласындағы жастар көшбасшыларының кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап.

Жастар жылы қарсаңында қолға алынған «JasStar moments» деп аталатын шараға журналистика, спорт, бизнес және тағы да басқа салаларда табысқа жеткен тұлғалар белгілі тақырып аясында сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

- Жобаның мақсаты - Алматыдағы жастар көшбасшыларымен бірлесе отырып Жастар жылында атқарылар жұмыстарды жүйелеу, нақты жоспар дайындау. Жұртшылыққа танымал, белгілі бір салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесу өткізіп, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімдерін арттыруға ықпал ету. Сондай-ақ қала жастары арасында өзара тығыз байланыс орнатуды да көздеп отырмыз, - дейді ұйымдастырушылар.

Бұл шара барысында «Студент - спорт» тақырыбында Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ыбрайымов пен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Серік Есматов, «Студент - әлеумет» тақырыбында «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, «Студент - мәдениет» тақырыбында тележүргізуші Гүлназ Ауданбаева, «Студент - бизнес» тақырыбында жас кәсіпкер Әсет Жұмақұлов және «Студент - білім» тақырыбында «Болашақ» қауымдастығының Алматы қаласындағы филиалының төрайымы Қымбат Әбдікерімова мен Асхат Әбжанов сөз сөйледі.

Тағылымы мол, мотивациясы зор жиынға сонымен қатар, Алматы қаласындағы 21 жоғары оқу орнынан 70 делегат, «Қазақстан студенттер альянсы» және «Жарасым» жастар ұйымының мүшелері қатысты.

Делегаттар Қыздар университетінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған басқосулар жастардың таным деңгейі мен ой-өрісін арттыруға тигізетін септігі зор екендігін айтады. Олар алдағы уақытта университеттің белсенді студенттерінің бастамасымен ұйымдастырылған осындай форматтағы жиындарды өз оқу орнында да өткізуге ниет білдірді.

Форум аясында Қыздар университетінің жастар ұйымдарының төрайымдары және белсенділері ант қабылдады.

Автор: Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар