Алматыда жас медицина мамандары тұрғын үй сертификаттарын алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда еңбек жолын енді бастаған медицина қызметкерлері баспананың алғашқы жарнасына сертификаттар алды. Бұл туралы Алматы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өткізген арнайы баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда жарты жыл ішінде 40 мыңға жуық жұмыс беруші шамамен 150 мың қызметкердің жалақысын үштен бір бөліктен астамға өсірді. Ал еңбек жолын енді бастаған медицина қызметкерлері үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификаттарын алып жатыр. Сонымен қатар, 500 тұрғын сот және құқыққорғау органдарының араласуынсыз «Татуласу орталығы» қызметіне жүгіне отырып, өз дауларын шешті», - деді Алматы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен.

Алматы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева алғашқы жартыжылдықтағы кәсіподақ жұмысын қорытындылай келе, қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде Алматы Кәсіподақтар орталығы 200 мыңнан астам кәсіподақ мүшесінің басын қосқан ірі қоғамдық ұйымдардың бірі болып саналады. Еңбек етушілердің құқығын қорғап, туындаған дауларды шешуге атсалысып, 750 бастапқы кәсіподақ ұйымы жұмыс берушілер мен қызметкерлердің арасында көпір болып жүр. Қызметкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, олардың мүддесін қорғауға тырысып келеміз», - деді ол.

Кәсіподақтар орталығы жалақының өсуі, ұжымдық келісімшарт жасасу, бастапқы кәсіподақ ұйымдарын құру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік серіктестік мәселелеріне баса назар аударды.

«Ұжымдық келісім шартқа жасасудың арқасында жұмысшылар жеңілдіктер мен кепілдемелерге ие болады. Құжатқа сәйкес қызметкерлер еңбек құқығын қорғау, жалақы, емделу және демалу бойынша әлеуметтік кепілдікке ие болады. Жыл басынан бері 25 мыңнан аса ұжымдық келісім жасалды. Сонымен қатар рәсімделмеген еңбек қатынасын болдырмау мақсатында «Еңбек шартын жасаңыз» республикалық акциясы басталды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін «шұғыл желі», «сенім телефоны» ашылып, халық көп жиналатын орындарда «Сенім жәшіктері» орнатылды. Бірінші жартыжылдық ішінде меминспекторлар 8 мекемені тексеріп, еңбек шартынсыз жұмыс жасап жүрген қызметкерлерді анықтады. Нәтижесінде, 149 еңбек келісімшарты жасалды», - деді Зәуреш Өмірбаева.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында мекемелерде бастапқы ұйымдарды ашудың маңызды екендігі атап өтілді. Өйткені олар қызметкерлердің мәселелерін шешумен айналысады. 2019 жылы 6 айда 10 бастапқы кәсіподақ ұйымы құрылып, 4,1 мың адам мүшелікке тартылған.

«Кәсіподаққа мүше бола отырып жұмысшы, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктерге ие болады. Мұнда тегін заң қызметі, кепілдіктер мен компенсациялар, біліктілігін арттыру мен жалақысы жоғары өзге лауазымға ауысу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Одан бөлек, жұмыстан шығарылған немесе өзге де әділетсіз жағдайларда кәсіподақ жұмысшыны қорғауға дайын. Өмірлік қиын жағдайларға тап болғандарға материалдық көмек, санаторий-курорттық ем қабылдауға жеңілдікпен жолдама алуға көмек көрсетеді», - деді Алматы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы.

Соңғы жаңалықтар