Алматыда жас кәсіпкерлер өз бизнесін бастау жолдарын талқылауда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «BUSINESS DAY» форумы өз жұмысын бастады. Аталған шараға Қалалық және облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қаржылық институттар, инвесторлар мен даму институттары өкілдері қатысты.

Жас кәсіпкерлер әр саланың өкілдерімен жүздесіп, өз ісін қалай бастау жөнінде ақыл-кеңес алуда.

Атап айтқанда, жастарды салықтық саясат, заңды құқықтардың қамтамасыз етілуі, Қазақстандағы кедендік реттеу, көліктік тасымалдау, логистика, КО аясында техникалық реттеу және метрология бойынша мемлекеттік бақылау мәселелері қызықтырды.

«Аталған форум жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауда таптырмас бизнес алаңы болары сөзсіз. Олар осы жерде қажетті адамдармен танысып, болашақта өзінің жұмысын одан әрі дамытатын болады. Әрине, жастар кәсіпкерлік туралы білімге зәру. Қазір барлық саланың өкілдері келіп, бір арнаға тоғысып жатқан жайы бар. Бұл жерде олар өздерінің көкейдегі сауалдарына жауап ала алады», - деді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ләззат Шыңғысбаева.

Форум барысында ҰКП мен меморгандар, IT жобалар, кедендік сұрақтар мен туризм мәселелері, маркетинг пен сауда, HR мен PR; қаржы, салық және заң саласы бойынша 8 тақырыптық секция жұмыс жасап жатыр.

Сондай-ақ, бүгін Алматыда «Бизнес-Өрлеу» жобасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді. Стартап жобаларды қолдауға арналған «Бизнес-өрлеу» жобасы биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Қазан айының 10-31 аралығында еліміздің 8 қаласын байқаудың Сараптық Кеңес мүшелері аралап шыққан болатын. Нәтижесінде үздік бизнес-жоба көрсеткен 30 үміткер іріктеліп алынды.

Олар 2 апталық оқыту курстарынан өтті. Оқытуды Қазақстандық және шет елдік бизнес тренерлер жүргізді.

Байқаудың жүлде қоры 300 мың доллар екенін атап өтуіміз керек. Гран-при иегері 100 мың доллар иеленеді.

Мұндай қомақты старт-капиталды Қазақстандағы ШОБ-тың дамуына бей-жай қарамайтын «Зумрад» корпорациясы ұсынып отыр.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жолдауында ел экономикасының күретамыры саналатын ШОБ саласын дамытуға барынша көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Жас бизнес ешқашан бірден үлкен бизнеске айналмайды. Осы өсу аралығында оларға заңды тұрғадан, қаржылық тұрғыдан демеу керек. Олар көк шыбық сияқты. Үнемі су құйып тұрмаса, өспей қалуы ғажап емес. Біз оларды қиын сәттен алып шығумен қоймай, әрі қарай өсуін қамтамасыз етеміз. Үш жыл оларға заң, салық тұрғысынан көмек беріп отырамыз. Аяғына нық тұрған кезде барып, үлкен бизнеске жол ашамыз», - деді «Зумрад» корпорациясының президенті Екатерина Ким.

Соңғы жаңалықтар