Алматыда жас ғалымдар өнертабыстарын stand up форматында таныстырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Еуразия технологиялық университетінде жас ғалымдар арасында «Science Slam - Almaty» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 жас ғалым мен зерттеуші көрермендер мен қазылар алқасына өз жобаларын ұсынды. Байқауға бірқатар университеттердің студенттері, магистранттары, PhD докторанттары және Астана қаласынан келген Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары қатысты.

«Science Slam» байқауында жас ғалымдар stand up форматында өз жетістіктерін айтты. Әр қатысушының сөйлеуіне 10 минуттан уақыт берілді. Бұл форматтың бір талабы - ғалымдар өз сөзінде ғылыми терминологияны пайдаланбауы тиіс.

Байқауда жас ғалымдар ғылыммен айналысудың қаншалықты қызықты екенін алға тартты. Командаларды ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Ғылым кеңесінің мүшелері, тәуелсіз сарапшылар мен көрермен бағалады.null 

«Жас ғалымдар ғылыми идеяларды, жобаларды жүзеге асырады. Алайда оны жарыққа шығаруға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан Тұңғыш Президент Қорының басты мақсатының бірі - талантты жастарды қолдау, оларға барынша көмектесу», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті қоры жобаларының аға үйлестірушісі Роза Едігеева.

Ғылымды таратудың бұл жобасы Германияда пайда болған. Байқау Ресейде белсенді өткізіліп жатыр, ал бізде енді танылып келеді. Байқау елімізде осымен төртінші рет өткізілуде.

Конкурс қорытындысы бойынша, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті Арнұр Татыбеков жеңімпаз атанды. Екінші орынды Сүлейман Демирел университетінің екінші курс докторанты Дархан Қуанышбай жеңіп алды. Үшінші орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Юрий Москвин лайық деп танылды.

Слэмерлерге (қатысушыларға) ҚР Тұңғыш Президенті қоры бағалы сыйлықтар табыстады.

null
Олжас Омарбек

 

Соңғы жаңалықтар