Алматыда жарыс кезінде 25 жастағы жігіт көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда экстремалды жүгіру бәйгесінде 25 жастағы әуесқой спортшы Дәулет Бейсенбаев көз жұмды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Adrenaline Nomad Race жобасының ұйымдастырушысы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның ұйымдастырушысы Эльмираның айтуынша, спортшы жарыстың бас кезінде-ақ дистанциядан шығып кеткен.

«Бұл оқиға жарыстың аяғында немесе ортасында емес, басында болды. Жаңадан жүгіруге кіріскенде 9-кедергіден өтіп жатқан қызыл киген атлеттің жолдан тайып кеткенін судьялар көрген. Дәулет жолдан бұрылып барып, жерге отырған. Судья бір қарағанда Дәулет көзден ғайып болған. Сосын артынан барғанда оның жерде жатқанын көрген. Ұялы телефондары шашылып жатты. Судья тез арада жігіттерді рациямен шақырды. Сол жерден жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетілді. Небәрі 3 минутта жедел жәрдем келді. Одан кейін реанимобиль жетті. Осының бәрі - 5 минут ішінде болған оқиға. Екі жедел жәрдем бригадасы Дәулеттің өміріне араша түсті. Бірақ аман алып қала алмадық. Әзірге дәрігерлер Дәулеттің неден өлгенін айтпады. Марқұмның денесі мәйітханада жатыр», - деді Эльмира.

Оның айтуынша, бәйгеге тіркелген кезде спортшылар арнайы медициналық қағазын алып келеді.

«Бәйгеге 18-ден асқан адамдар ғана қатыса алады. Ең алдымен олар сайтқа тіркеледі. Старт пакеттерін алар кезде денсаулығы жақсы екенін дәлелдейтін анықтама әкеледі. Олар қандай спорт түріне келгенін түсінуі керек қой. Спортқа байланысты барлық ықтимал салдарды қатысушы өз мойнына алады. Бұл экстремалды спорт болғандықтан, мұнда адам денсаулығына зақым келуі мүмкін. Қатысатын адамның көптігі сонша, тіркеуде дәрігерді отырғызып тексеру мүмкін емес. Біз содан соң қолдарына қолхат береміз, онда «медициналық тексеруден өткен» деген тармақ бар. 25-35 жастағылар - өз-өзіне есеп бере алатын адамдар. Ол қайда келгенін түсінуі тиіс. Ұйымдастырушыларға өтірік анықтама әкеліп, алдаудан ешкімнің ештеңесі кетпейді», - деді Эльмира.

Adrenaline Nomad Race жарысында атлеттер екі категорияда жүгіреді. Опен катеогориясында спортқа жаңадан қадам басып жатқан әуесқойлар бақ сынаса, Элит категориясында тісқаққан кәсіби спортшылар жүгіреді.

«Дәулет бірінші рет қатысқан. Олар командасымен Элит категориясының пакетін алды. Алайда, мен тіркеген кезде бірінші рет қатысып жатқан адамдар Опенге жүгіргені дұрыс екенін айттым. «Жоқ, біз Элитте жүгіреміз» деді ол», - деп нақтылады ұйымдастырушы.

Оның айтуынша, бұл жарыста адам өлімі бірінші рет тіркеліп отыр. Енді ұйымдастырушылар спортшыларды тіркеу кезінде өздері олардың денсаулығын тексеруге мүдделі.

Қазір қайтыс болған атлеттің отбасына Adrenaline Nomad Race командасы қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, олар жерлеу рәсіміне де көмектеспекші.

Соңғы жаңалықтар