Алматыда жарақат алған адамдарды оңалту орталығы құрылады - Ж.Қасымжанова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда дәрігерлер қауымы «Алматы-2020» даму бағдарламасын талқылады. Шараға қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, қалалық медициналық ұйымдардың жетекшілері, дәрігерлер, ЖОО ректорлары қатысты.

«Алматы үлкен әлеуетімен ерекше. Қаланың басшылығы 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын ұсынды. Бұл ауқымды құжаттың қала тарихында ғана емес, республикалық деңгейде қалалардың тарихында тұңғыш рет жарияланды. Сән қуғандықтан емес. Алматы - үлкен мегаполис. Проблемалар да соғұрлым терең болады. Ортаға келелі ой тастау үшін, жобада қамтылмай кеткен мәселелерді табу үшін жасалды. «Келісіп пішкен тон келте болмайды», дейді қазақ. Жаңа даму бағдарламасы шетелдік озық тәжірибеге негізделіп жасалды. Қаланың медициналық саласының алдына қолжетімді мақсат пен міндеттер қойылды», - деді Арман Қырықбаев. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жанат Қасымжанова жаңа бағдарламаның негізгі бағыттарын атап өтті. «Дамудың қалалық бағдарламасы Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, Ұлт дамуының 100 нақты қадамы, 5 инстистуционалдық реформалары шеңберінде жасалған. Басты мақсат есепті, бәсекеге қабілетті жүйе құру», - деді ол. Басқарма басшысы 2011-2015 жылдарға арналған бағдарлама бойынша қол жеткізілген нәтиже туралы баяндап өтті. «Қазіргі таңда қалалық денсаулық сақтау жүйесі 92 межелі индикаторлардыңб 92 пайызына қол жеткізді. Біздің рейтингіміз соңғы үш жылда 16 орыннан 3-і орынға көтерілді. Денсаулық сақтау саласының бюджеті 1,6 есе артты. Ақылы қызметтен түскен табыс артып келеді. Әр алматылықтың денсаулығын сақтауға бөлінетін қаржы көлемі 41 мың теңгеге жетті. Жалпы өлім көрсеткіші төмендеп келеді», - деді Ж.Қасымжанова. Басқарма басшысы сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің әлі де шешімі табылмаған түйткілді мәселелерін айтып өтті. Оның айтуынша, ең алдымен медициналық ұйымдар шамадан тыс жүктемені атқарып отыр. Сондай-ақ мамандар тапшылығы мәселесі әлі де өзектілігін жоя қойған жоқ. «Келер жылы емханалардағы жүктемені азайту үшін 3 жаңа емхананы пайдалануға береміз. Мамандарды тарту үшін баспана, қосымша ынталандыру түрлерін пайдаланамыз. Дуалды білім беру жүйесін енгізуді белсенді жүргізе түсеміз. Сондай-ақ Алматыда түрлі аурулардан соң оңалту орталықтары жоқ. Биыл босаған медициналық колледж ғимаратында жарақат алған науқастарды оңалту орталығын саламыз. Тастанды балалардың санының азаюына байланысты №1 және 2 балалар үйін біріктіріп, №2 балалар үйінің базасында сал ауруымен ауыратын балаларды оңалту орталығын саламыз. Халықпен арадағы кері байланысты нығайту үшін call-орталықтар, сайттар жаңартылады. Сондай-ақ онкологиялық науқастарға арналған радиологиялық орталық ашуды министрлік деңгейіне ұсынып жатырмыз. Жақында бұл мәселе де шешімін тауып қалар деген ниеттеміз», - деді Ж.Қасымжанова. Жиын барысында медициналық ұйымдардың өкілдері өз пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, қаладағы №7 аурухананың бас дәрігері Болатбек Баймаханов қалалық ауруханалардың төтенше жағдай аясында жұмыс жасауға әлі де қауқарсыз екендігін атап өтті. «Алматыда сел болған кезде біздің байқағанымыз, өркениет игіліктерінен ажыраған шақта медициналық ұйымдар жұмыс жасай алмайды екен. №7 аурухана ең алғаш салынған кезде төтенше жағдай кезінде көмек көрсететін аурухана ретінде салынды. Сондықтан автономды жұмыс жүйесі өте қажет. Сондай-ақ жол апатынан өлім санын азайту үшін қалалық ІІД-імен бірігіп ортақ бағдарлама жасауды ұсынамын. Ауруханада жатқан науқастардың электронды карталарын жасау да өте өзекті», - деді Болатбек Баймаханов.

Соңғы жаңалықтар