Алматыда жаппай тәртіпсіздік барысында сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда тәртіпсіздік барысында сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. 2 мыңға жуық нысан зардап шекті. Нысандарды қалпына келтіруге тезірек кірісу керектігін түсінеміз. Сондықтан тергеушілер оларды тексеруге басымдық береді. Алдағы күндері барлық жұмысты аяқтаймыз. Оқиға орнынан көптеген дәлелдер, заттай айғақтар мен қылмыс іздері алынды», - деді ол Хабар 24 телеарнасының тікелей эфирінен.

Мысалы, оның атап өтуінше, бандиттердің киімі, бейнежазбалар, қылмыс құралдары, оның ішінде 127 қару-жарақ тәркіленген.

«Алынған бейнематериалдарды қылмысқа қатысушыларды анықтау үшін қолданылды. Прокурорлар қылмыстық процестің барлық кезеңінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, адвокаттар алқасымен жұмыс өзара тығыз байланыста жүргізіледі. Күдіктілерді ұстау жағдайларын тәуелсіз бағалау үшін оларға тергеу изоляторларына кіру мүмкіндігі берілді», - деді Берік Жүйріктаев.


Соңғы жаңалықтар