Алматыда жаппай менингит тарағаны туралы ақпарат жалған – әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар жаппай менингит жұқтырып жатыр деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде балабақшаларда менингит жұқпасы тарағаны туралы хабарлама жарияланды. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дабыл қағуға ешқандай негіз жоқ екенін айтады.

Жыл басынан бері алматылық емханаларға 1470 адам менингит жұқпасы деген күдікпен қаралды. Олардың жартысында диагноз расталған жоқ. Бұл жұқпадан биыл адам өлімі тіркелген жоқ.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанар Мадееваның айтуынша, балалар арасында көбінесе энтервирустық этиологиядан басталған менингит жұқпасы тіркелген.

Мамандар осыдан 2 жыл бұрын Алматыда 4 адамның өмірін жалмаған менингококк жұқпасы биыл тіркелмегенін айтты.

«Балаларда орта немесе жеңіл деңгейлі ауру болған. Алайда, балалардың барлығы дерлік толық жазылып кетті. Менингит жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алматыда негізінен сірлі менингит жиі кездеседі. Бұл жұқпа адам өліміне әкелмейді. Оның менингококктан қандай ерекшелігі бар? Сірлі менингит көбінесе суықтаудан, тұмау тигеннен кейін пайда болады», - дейді Жанар Мадеева.

Алматы қалалық балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералиннің айтуынша, бұл дертті кез келген қоздырғыш – вирус, бактерия, зең тағы басқа патогендер туғызуы мүмкін.

«Кез келген менингит менингококк жұқпасы бола бермейді. Менингококк жұқпасынан болған менингит тез асқынады. Бірнеше сағат ішінде адам өліп кетуі де мүмкін. Егер дер кезінде науқасқа көмек көрсетілсе, жазылып кетеді. Іріңді менингиттен гөрі сірлі менигит анағұрлым жеңіл өтеді. Бірақ науқастар міндетті түрде ауруханаға жатуы тиіс. Айналасы 10 күнде науқастар толық айығып кетеді», - деді Ержан Сералин.

Айта кету керек, 18 қазанда Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин менингит жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы айтқан болатын.

Оның мәлімдеуінше, қазір Қазақстанда менингококк инфекциясын жұқтыру бойынша 50 жағдай тіркелді. Өткен жылы 83 еді. Яғни, бүгінгі күні менингит жұқтыру деңгейі 47 пайызға азайды

Былтыр республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмған. Алматыда 5 адам көз жұмды. Оның екеуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды. Сырқаттанғандардың бірі - 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ауруы небәрі 12 сағаттың ішінде асқынып, кенеттен көз жұмған. Жалпы, Алматы облысында 4 адам көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар