Алматыда «Жанұя» мектебі ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жанұя» отбасылық мектебі ашылды. Жаңа орталық Алмалы аудандық ХҚО базасында ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, «Razum.Life» қоғамдық ұйымының басшылары, Алмалы ауданының әкімі, мектептің білім алып жатқан жұптар қатысты.

«Отан отбасынан басталады. Отбасындағы дұрыс тәрбие кейінгі болашақтың өсіп-өркендеуіне ықпал етеді. Отбасылық құндылықтардың сақталуына мемлекет те, мемлекет басшысы да үлкен мән беріп отыр. Елбасының Жарлығымен қыркүйектің екінші жартысы отбасы күні ретінде бекітілді. Әкімдік жақында «Мерейлі отбасы» байқауын өткізді. Біз оған қатысқан әр отбасыны жеңімпаз болуға лайық деп санаймыз. Қазір көпбалалы, көпұлтты, тәжірибелі отбасылар үлкен құрметке ие. Алматыда 1493 ана «Алтын алқа» иегері болса, 1871 ана «Күміс алқа иегері» атағына ие болып отыр, 6 мыңнан астам көп балалы отбасы өмір сүруде. Бұл көрсеткіштің бәрі халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы екендігін айғақтайды», - деді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.

Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары көңілге қаяу түсіретін статистиканы да атап өтті. Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері 7587 жұп неке қиса, 3 мыңға жуық жұп дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен.

Мектепті ашуға бастама жасаған «Razum.Life» ұйымы өкілдерінің айтуынша, бұл бірінші мектеп емес. Осыдан бір ай бұрын Медеу аудандық АХАТ жанында құрылған мектеп базасында 200-ге жуық адам тіркелген.

«Келушілердің жасы 20-дан 60 жас шамасында. Оларға білікті психологтар 7 тақырып бойынша кеңес береді. Курсты толығымен аяқтаған жас жұптарға үйлену тойына сый ретінде сертификат табысталады», - деді ұйым өкілдері. Қазан айында «Шаңырақ» шағын ауданында қазақ тілді келушілерге арналған үшінші мектеп ашу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар