Алматыда жануарларын чиптеуге ынта білдірушілер көбейіп келеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жануарларын чиптеуге ынта білдірушілер көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде қалада 11 бригада жануарларды чиптеумен айналысуда. Күніне 200 жануарға чип орнатылады.

Бағдарлама басталғалы бері 2,5 айда 35 мың үй жануары тіркелген. Қазір ветеринарлық емханалар чиптеу үшін үй-үйді аралай бастады. Бұл өз кезегінде алматылықтар арасында сұраныстың артуына әкелді.

«Жұмыстан қолы босамайтын немесе үйінен шыға алмайтын үлкен кісілерге бұл қызмет өте қолайлы болды. Мәселен, жалғызбасты әжей итін чиптегісі келсе бізге қоңырау шалып, шақырады. Ветеринарлық қызмет келіп қызмет көрсетеді. Бұл өте ыңғайлы», - деді осы жұмыстармен айналысатын емхананалардың бірінің өкілі Яна Вернигорова.

Тегін ветеринарлық қызметті кез келген адам пайдалана алады. Ол үшін тек жануар иесінің жеке куәлігі мен үй жануарының құжаты болуы тиіс. Құжат жоқ болса мамандар сол жерде рәсімдеп береді.

Мамандардың айтуынша, үй жануарларын 2 айдан асқан соң чиптеуге болады. Чип орнату процесі 5 минут уақыт алады. Ине салғанда бір реттік шприцтер пайдаланылады.

Металл чиптер ICAR жануарларды тіркеу ұйымының талаптарына сәйкес келеді. Радиожиілік транспондерлер Қазақстанда жасалады, ал электронды белгілер Швейцариядан әкелінеді.

Айта кету керек, тегін чиптеу бағдарламасы қараша айының соңына дейін жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар