Алматыда жаңбыр кезінде су басып қалатын аймақтар жөнделіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Нөсерлетсе көлге айналатын Алматы көшелері алдағы маусымда азаяды . Бұл туралы қалалық ТЖД мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Биыл қаланың алты ауданында су алып кету қаупі бар 37 аймақ анықталған. Бұл жерлердің 32 пайызы Наурызбай ауданына, 38 пайызы Алатау ауданына тиесілі. 

37 аймақтың 7-еуі үнемі су астында қалады, мәселен көктем кезінде бұл жерлер 19 рет су алу жағдайына ұшыраған. Алатау ауданы бойынша 5 аймақта, атап айтқанда - Шоссейная к-сі (6 жағдай), Аршалы к-сі (1 жағдай), Магадан к-сі (2 жағдай), Нұрпейісов к-сі (1 жағдай) және Еспаев к-сі (1 жағдай); Жетісу ауданында- 1 аймақ, ол Аэродром к-сі (1 жағдай ); Бостандық ауданында - 1 аймақ, ол «Бағанашыл» ықшам ауданындағы Желтоқсан к-сі (7 жағдай) болған. 

«Алматы көшелерін су басу себебін екі бөлікке жіктеп қарауға болады. 55 пайызы арық жүйелерінің, жауын кәріздерінің, өзен аңғарларының құрылыс және тұрмыстық заттармен бітеліп қалуынан болады. Ал 45 пайызы арық жүйелерінің болмауымен байланысты. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл су басу жағдайы 2 есеге азайған. Әкім қорынан бөлінген ақшаға апаттың алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Нәтижесінде мүмкін деген апат санын 67 пайызға азайттық»,-деді Алматы ТЖД.  

Әкім қорынан Алатау мен Наурызбай аудандарындағы апатты ауыздықтауға және Түрксіб ауданындағы әуежай өзенін қалпына келтіруге 2 млрд 344 млн теңге бөлінген. 

«1 млн 310 млн теңге Алатау ауданындағы арық, су сіңіру жүйесінің құрылысына және Қарасу ықшам ауданындағы жолға асфальт төсеуге жұмсалды. Наурызбай ауданы үшін 234 млн 352 мың теңге бөлінген. Ол қаражат Амангелді көшесіндегі арық жүйелеріне, сондай-ақ Елібаев көшесіндегі құбырлы көпірді алмастыруға және Тәжиев көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарына кетті. Түрксіб ауданындағы әуежай өзенін қалпына келтіруге 800 млн теңге жұмсалды»,-деді қалалық ТЖД. 

Бұдан өзге, Алматы обылысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен аудандық әкімдіктер бірлесіп Алмалы, Бостандық, Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарында 44 шақырым арық жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Және Түрксіб ауданындағы Үлкен Қарасу өзені аңғарында суды тұрақтандыру шаралары қолға алынған. 

Сондай-ақ, Бостандық ауданындағы Есентай мен Кереңқұлақ өзендері жағалауларын бекітуге 384 млн теңге бөлінген. Кіші Алматы өзеніндегі көпір мен Медеу-Шымбұлақ автожолында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының құны - 262 млн 216 теңге.

 

Соңғы жаңалықтар