Алматыда «жаңажылдық» сыйлық алған шенеуніктер тексеріліп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоғамдық ұйым өкілдері «жаңажылдық» сыйлық алған шенеуніктерді әшкерелеу мақсатында мемлекеттік мекемелерде рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай қоғамдық бастамаға www.zannews.kz сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық мұрындық болған.

2-3 күннен бері арнайы мониторинг тобының мүшелері Алматыдағы Медеу, Бостандық, Түрксіб, Алмалы аудандық мемлекеттік кірістер департаментін, Түрксіб аудандық әкімдігін, қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті, Медеу аудандық көші-қон полициясы, қалалық көші-қон полициясын аралап шықты.

Рейд барысында қоғамдық өкілдер тек қана сыйлықтарды ғана емес, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын, азаматтардың арыз-шағымын, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетудің қолжетімділігін тексерді.

Аралау барысында Медеу аудандық Мемлекеттік кірістер департаментінде 4 пакет сыйлықты басқарма стажері алып бара жатқан кезінде әшкереленді.

Анықталғандай, басқарма қызметкерлеріне банк өкілдері қорап кәмпит, шарап, арнайы кәдесый сыйламақ болған.

Бұл дерекке қатысты мекеме басшысы қызметтік тексеру жүргізуге уәде берді.

Айта кету керек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы әлеуметтік желілерде рейд жүргізген болатын.

Атап айтқанда, 54 745 аккаунттың контенті тексерілді.

2212 қызметшінің аккаунтында мемлекеттік қызмет этикасын бұзатын 2300 сурет, 21 видео, 46 комментарий байқалған.

Бұл фотолардың көпшілігінде қызметшілер ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отырғаны, букмекерлік кеңседе, құмар ойындарын ойнап отырғаны көрсетілген. Былапыт сөз, эротикалық суреттер бар.

Жыл басынан бері 277 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Одан бөлек 112 шенеунік жұмыс уақытынан тыс мезгілде қызметтік көлікті пайдаланғаны үшін жазаланды.

Агенттіктің хабарлауынша, мемлекеттік қызметшілерге берілген құны 3 млн 200 мың болатын 317 сыйлық арнайы қорға өткізілді.

Мұндай әрекет ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңын өрескел бұзу болып табылады.

Соңғы жаңалықтар