Алматыда жанармай құю стансасына шабуыл жасағандар ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы жанармай құю стансасына шабуыл жасағандарды ұстады. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек хабарлады.

Қаңтардың 7-сінде Әуезов ауданында орналасқан жанар-жағармай құю стансасына тонаушылық шабуыл жасалды. Іс материалдарына сәйкес, 20-25 жас аралығындағы белгісіз ер адамдар күзетшіні пышақпен қорқытып, оның қол-аяғын скотчпен матап тастаған. Содан кейін кассадағы 200 мың теңге мен ұялы телефонды алып тайып тұрған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қол-аяғы маталған күзетші 1,5 сағаттан кейін босап, полицияға хабар бергенше, қылмыскерлер ізін суытып үлгерді.

Күзетшінің айтуынша, олар ақшаның қай жерде сақталғанын тап басып, бірден анықтаған.

«Полиция күзетшінің ойын ескеріп, күдіктіні бұрын осында жұмыс жасаған тұлғалардың арасынан іздей бастады. Солардың ішінде осыдан бір ай бұрын операторлық қызметінен босап шыққан 23 жасар жігіттің әрекеті күдік туғызды. Екінші күдікті Алматы облысы Іле ауданының 22 жастағы тумасы болып шықты. Екеуі де жұмыссыз», - деді қалалық ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.

Полиция қызметкерлері аталған станса басшылығына қауіпсіздік шараларын, атап айтқанда бейнебақылау мен дабыл жүйесін орнату керектігін ескертті.

Соңғы жаңалықтар