Алматыда жанармай бекетінің жанынан асхана салу жобасы кейін қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы билігі жанармай стансасына жақын жерде тамақтану нысанын салмақ болған бизнесменге жобасы кейін қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының Фейсбуктегі парақшасында жарияланды.

Басқарманың кезекті отырысында Сәулет техникалық кеңесінің қарауына бірқатар құрылыс жобалары ұсынылған болатын.

Кеңес мүшелері 10 жобаның 2-еуін ғана мақұлдады. Қалған жоба түрлі техникалық себептермен кері қайтарылды.

Атап айтқанда, Наурызбай ауданындағы Достық шағын ауданында медициналық мекеменің құрылысы мақұлданды. Болашақта бұл жерде автотұрағы бар емхана пайда болмақ.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері Гагарин көшесінің бойындағы бірыңғай байланыс орталығының құрылысын қолдады.

Ал Медеу ауданындағы КМЭБИ ғимаратының қайта жаңғырту жобасы қайтадан қарауға жіберілді.

Ал, Әуезов ауданында Пятницкий көшесіндегі дүкен құрылысы, Алмалы ауданындағы Мақатаев көшесінде көпфункционалды үй кешенінің құрылысы, Бостандық ауданындағы «Ерменсай» жерасты тұрағы бар тұрғын үй құрылысы, Минусинская көшесінде 9 қабатты бизнес орталығының құрылысына тыйым салынды.

Сарапшылар бұл жобаларға тым көп жер талап етілетінін алға тартты.

Медеу ауданындағы Әл-Фараби даңғылындағы мектептің асханасында қосымша ғимарат салу жобасы қайта қарауға жіберілді. Өйткені, ғимарат меншік құқығынан асып кетеді.

Сонымен қатар, Түрксіб ауданындағы Майлин көшесінде тамақтану орнын салмақ болған инвестор жобасы кейін қайтарылды.

Бизнесмен нысанның жанармай стансасынан 50 метр қашық болуы тиістігін қадағаламаған.

Айта кету керек, Сәулет техникалық  кеңесі 30 қазанда 2017 жылы құрылған болатын.

Ұйым жүйелі түрде талқыланған жобаларды жариялап отырады.

Соңғы жаңалықтар