Алматыда жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қанша бала барады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қанша бала баратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жыл сайын 29 мыңға дейін бірінші сынып оқушыларын қабылдайтынбыз. Егер бұрын балалар 6-7 жас аралығында бірінші сыныпқа баратын болса, биылғы жылдан бастап 6 жастан мектепке баруға тиіс. Осы жаңашылдықты ескере отырып, биыл бірінші сыныпқа 32 мың баланы қабылдауды жоспарлап отырмыз», - деді Гүлнәр Қожабергенова.

Сондай-ақ, ол мектептерде оқушы орындарының жетіспеушілігі туралы да айта кетті.

« Оқушы орындардың жетіспеушілігі әрқашан болған және бүгін де бар. Бірақ, бұл біз баланы мектепке қабылдамаймыз дегенді білдірмейді, Балалар мектепте білім алуға құқылы. Балалар саны өте көп. Тіпті,санитарлық нормадан асып кетеміз, 30-35 оқушыға арналған сыныптарға 40 бала қабылдаймыз. Бұл мәселе біртіндеп шешіледі. Жаңа мектептер салынып жатыр. Сондай-ақ, бұл демографиялық өсімге де байланысты. Алматыға қоныс аударатын адамдардың да саны артты. Олардың балаларын мектепке қабылдауға міндеттіміз», - деді ол.

Бүгінгі күні Алматыда 259 мектеп бар, оның 204 мемлекеттік болса, қалған 55 жекеменшік. Сондай-ақ,185 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 669 жекеменшік балабақша.

«Оқу жылының басында Алатау ауданында бір қазақ мектебін ашуды жоспарлап отырмыз, тағы екі мектеп салынып жатыр, олар келесі жылы пайдалануға беріледі. Жеке меншік мектептер де ашылады. Балабақшаларға келер болсақ, жыл басынан бері қалада 3 мемлекеттік және 70 жекеменшік балабақша қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін 4 мемлекеттік және 30 жеке балабақша есгін айқара ашпақ», - деп түсіндірді білім басқармасының басшысы.

Айта кеткен жөн, Алматыда республикалық «Мектепке жол» акциясы басталып кетті.

Соңғы жаңалықтар