Алматыда жаңа емхана ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алатау ауданында жаңа №29 жаңа емхана ашылды. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова, ардагерлер мен қала халқы қатысты.

«Алғабас» шағын ауданында бой көтерген жаңа әлеуметтік нысан тәулігіне 500 адамды қабылдай алады. Мұнда 18 дәрігер маман амбулаториялық қызмет көрсетеді. 18 орындық стационар қызметі бар. Қазіргі таңда емхананың тіркеуінде 30 мыңнан аса тұрғын тұр. Аудан әкімінің айтуынша, бұл Алатау ауданында бой көтерген 5-ші емхана. Оның құрылысы 2013 жылдың сәуірінде басталған. «Әр алматылық үшін тәуелсіздік күні сияқты ұлы мереке қарсаңында қаламызда өте қажетті әлеуметтік нысан ашылғалы тұр. Қала әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен «Алматы-2020» даму бағдарламасы қоғамдық талқыға түсіп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге көп көңіл бөлінген. Сол бағдарламада көптеген индикаторлар, тұрмыс көрсеткіштері 2020 жылға қарай қандай бағытта дамитыны көрсетілген. Қалаға жақында қосылған территория халқының өмір сүру деңгейін қалалық орта стандартына дейін көтеру мақсат етіліп отыр. Мектептермен, алғашқы медициналық, санитарлық көмек көрсету ұйымдарымен қамтылған. Бұл істердің алғашқы көрінісі болып тәулігіне 500 адам қабылдайтын 30 000 адамға қызмет көрсететін емхана ашылды», - деді Арман Қырықбаев. Ашылу салтанатынан соң қала әкімінің орынбасары нысанды аралап шықты. Аралау барысында ол емхана басшылығына ұзын-сонар кезекті жоюды міндеттеді. Ғимарат жаңа заманауи техникалық жабдықтармен қамтылған. Емхананың бас дәрігері Айғырбаева Алтыншаштың айтуынша, офтальмологиялық кабинетте жаңа техникалық жабдықтар бар. Сондықтан осы емхананың базасында аймақтық офтальмологиялық орталық ашу жоспарланып отыр. «Жедел жәрдем стансасы» МКК бас дәрігері Біржан Оспановтың айтуынша, емхананың ішінде жедел жәрдем стансасының үш бригадасы орналасатын болады. «Алатау, Наурызбай аудандарында шағын станса жоқ бізде. Адамдарға жедел көмек көрсету керек. Осы мәселені шешу мақсатында жедел жәрдем бригадаларын ашып жатырмыз. Бұл емханада 3 бригада жұмыс жасайтын болады. Ал Ақжарда ашылған емханада 2 бригада ашылған болатын. Бұл халықты алғашқы санитарлық көмекпен қамту үшін жасалып жатыр», - деді ол. Айта кету керек, Алматыда жыл соңына дейін Түрксіб ауданы «Жас қанат» шағын ауданындағы емхана пайдалануға беріледі. Қазір ғимарат құрылысы аяқталған. Тек инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар