Алматыда жаңа екі метро станциясы қашан іске қосылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - М. Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов брифинг барысында жаңа «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро станциялары қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда аудан аумағында жолаушылар арасында үлкен сұранысқа ие бір ғана «Мәскеу» стансасы бар. Бүгінгі күні тағы екеуі салынып жатыр. Олар «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» стансалары. Екі бекетте де әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Содан кейін жылжымалы құрамды сынау жүргізіледі. Шамамен метрополитен әкімшілігінің болжамы бойынша, келесі жылдың бірінші және екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр», - деді аудан әкімі Сайран Сайфеденов.

Сонымен қатар, ол вагон мен пойызды сынақтан өткізу белгілі бір уақытты қажет ететінін жеткізді.

«Сынақтан кейін жолаушылар желілері іске қосылып, метро ашылады», - деді спикер.

Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Алматы метрополитенінің 10 жылдығына орай Алматы метрополитені үшін арнайы әзірленген Оңтүстік Кореяның Hyundai Rotem компаниясы шығарған 8 жаңа пойыз пайдалануға берілді.



Соңғы жаңалықтар