Алматыда жаңа демалыс орындары ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Маяк» шағын ауданы, «Желтоқсан» саябағы және Есентай өзенінің жағалауында жаңа демалыс орындары ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаевтың айтуынша, қала шекарасының кеңеюі, көлік инфрақұрылымының дамуы, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ халық санының өсуіне байланысты жаңа қоғамдық аймақтарды ұйымдастыруға қажеттілік туындап отыр.

«Бірінші кезекте қаланың төменгі бөлігінде жаңа қоғамдық жасыл аймақтар құрылады. Бұл ретте жаңа саябақтар мен алаңдарды жабдықтау бойынша 10 жоба әзірленіп жатыр. Жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қаражат бөлуге өтінім берілді», - деді ол.

Сондай-ақ, жалпы ауданы 206,6 гектар болатын жаңа демалыс аймақтарын құру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта Сайран көлінің жағасында жаңа қоғамдық аймақ құрылмақ және Баум тоғайы абаттандырылады.

«Биылғы жылдың соңына дейін Алматыда 4 жаңа саябақ алаңы құрылып, 4 саябақ қайта қалпына келтіріледі», - деді Ұлан Абдулдаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматыда барлығы 211 қоғамдық нысан (саябақтар, жағалаулар және т.б.), сондай-ақ 4 табиғи аймақ («Медеу» мұзайдыны, «Баум» тоғайы, «Іле Алатау» ұлттық табиғи паркі – 12 219 га, Ботаникалық бақ) бар.


Соңғы жаңалықтар