Алматыда жаңа білім беру тәжірибелері талқыланып жатыр
2021 жылғы 8 желтоқсан 04:05

Алматыда жаңа білім беру тәжірибелері талқыланып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда EdCrunch Glocal білім берудегі жаңа технологиялар бойынша конференция басталды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған шараның ашылуына Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпаоат тілшісі.

Конференция бағдарламасы «Балалардың ерте дамуы»; «XXI ғасыр мектебі және дағдылары»; «Цифрлық университет, корпоративтік оқыту», «EdCrunch Stage, EdTech нарық және инвестициялар»; «EdCrunch Night – edutainment event (білім беру шоуы)» атаулы тректерден тұрады. Конференцияның негізгі тақырыбы – «Жаңа білім беру тәжірибесін жобалау» (Learning experience design).

Шара қатысушыларына арнаған сөзінде мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев уақыт сын-тегеуріндеріне дұрыс жауап іздеу және жаңа білім беру тәжірибесін қалыптастыру стратегиялық маңызы бар мәселелер екенін атап өтті.
«Күн тәртібінде – білім беру сапасын дамыту және оның нарық пен қоғамның үмітіне сәйкестігі мәселелері. Осы міндеттерді шешу мақсатында біз «Алматы 2050» жаңа стратегиясын іске асырамыз, ол баршаға ашық, қазақстандық таланттың, туризм мен инновацияның өсіп келе жатқан орны үшін адаморталық қала құруға бағытталған. Өткен жылдан бастап қалада білім беру жүйесін әлемдік деңгейге дейін одан әрі дамытуға бағытталған даму бағдарламалары іске қосылғанын атап өткен жөн», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Конференция жұмысына 25 елден 400-ден астам спикер қатысты. Екі күн ішінде 150 сөз сөйлеу, сараптамалық сессия, панельдік пікірталас және шеберлік сабақтары өтеді. Қатысушылар педагогикалық дизайн саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру саласының болашағы және жаңа технологиялардың, оқыту саласындағы ғылым жетістіктерінің әсері мәселелерін талқылайды.
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT