Алматыда жаңа асфальтбетон өндірісі іске қосылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Асфальтобетон-1» ЖШС жаңа желісі іске қосылды. Өнеркәсіп орны кәсіпкерлікті қолдау картасының ІІ бесжылдығы аясында ашылды.

Атап айтқанда, өндіріс орнында асфальт өндірудің жаңа заманауи желісі ашылды. Енгізілген сапалы құрал-жабдық өнімнің сапасын жақсартып, өнім көлемін 80 пайызға арттырады. 

Енді кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім өндіретін болды. Мұндай өндірістік қуат Алматы қажеттілігінің 70 пайызын қанағаттандыруға мүмкіндік бермек.

Айта кету керек, кәсіпорында қазақстандық қамту көрсеткіші өте жоғары. Зауытта тек отандық шикізат пайдаланылады. Қазіргі таңда мұнда 500 адам еңбек етіп жүр.

«Бүгінде мемлекеттік қолдау қаржы бірінші кезекте кәсіпкерлікті қолдауға бағытталып отыр. Отандық тауарлар мен қызмет түрлерін өндіру, олардың сапасын арттыру, оларды сыртқы және ішкі нарықта жүргізуге мемлекет аса көп көңіл бөледі. Бұл жерде Алматының алар орны ерек», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

«Компания өнімдері «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасы аясында салынатын автожолдар мен инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға пайдаланылады. Сондықтан, асфальт зауытының жаңа өндірісі аса үлкен маңызға ие», - деді компания директоры Варис Исламов.

Кәсіпкерлікті қолдау картасының екінші қатысушысы «Интермультисервис» ЖШС гофроқаптама өндірумен айналысады. Өндіріс көлемі жылдан-жылға артып келеді.

Егер 2014 жылы 506,6 млн теңгенің өнімін өндірсе, 2015 жылы кәсіпорынның өндірістік қуаты 614,3 млн теңгеге жеткен.  Зауытта 100 адам жұмыс жасайды.

Айта кету керек, кәсіпкерлікті қолдау картасының І бесжылдығы аясында Алматыда құны 280 млрд теңге болатын 20 жоба жүзеге асты. Жаңа жобалар 3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Ал ІІ бесжылдығы аясында құны 120 млрд теңге болатын 55 жоба қарастырылған.  Биыл құны 37 млрд теңге болатын 16 жоба жүзеге асырылып, 4 344 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар