Алматыда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған көрме ашылды

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Бақыт туралы жыр» атты мерейтойлық көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге Ә. Қастеев атындағы өнер музейі қорынан алынған 30-дан астам кескіндемелік, графикалық және мүсіндік туындылары қойылды.

«Көрмеде Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлерінің туындылары, оның өмірінің кең танылған, соңғы он жылын көбірек қамтыған. Жамбылды өмірде өз көзімен көріп, бейнелеген суретшілердің бірі, Б.Чекалин, Ә. Қастеев, Р. Ардатов, Н. Ягодкин. Б. Чекалин үшін Жамбыл туындылары күнделікті өмірімен ұштасып жатты, кейіпкердің әрбір сәттерін көзден таса жібермей бейнелеуге тырысты. Б.Чекалиннің Жамбыл тақырыбындағы еңбектерін ұлы жыраудың өмір жолын баяндайтын кең көлемді монография десек те болады. Ә. Қастеев, Жамбыл бейнесіне бірнеше рет тоқталған, ақынға арнап «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937), «Жамбыл достары арасында» (1971) атты туындыларын жарыққа шығарды. Ә. Қастеев Жамбылды қанша рет бейнелесе, сонша рет бірін-бірі қайталамайтын келбет жасады. Ол өткен еңбектерін қайталамау үшін ақының психологиялық ішкі жан дүниесінің алуан қырын аша білген»,-дейді көрме жетекшісі Лаура Әбілдаева.

Р. Ардатовтың «Жамбыл әні» (1940), Ә. Ысмайыловтың «Достық әні» (1972) туындыларында Жамбылды көп тұлғалық композицияның ортаңғы бөлігіне орналастырған. Суретшілер осындай композициялық шешім арқылы, өздерінің туындыларындағы ақын образын елдің ойын, мұң-мұқтажын өз өлеңдерінде жырлайтын халықтың адамы деген ойды білдіреді.

Кескіндемелік портрет жанрында А. Риттих, А. Черкасский, Г. Ысмайылова сынды суретшілердің жазған Жамбыл бейнесінен даналықтың, мейірім мен зерделіктің, табандылықтың нышандары байқалады.

«Графикалық портрет жанрында, Н. Крутильниковтың 1957 жылы акварельмен жазған Жамбылдың жүзіндегі әрбір сызықтарға дейін анық және табиғи жеткізілген. Жамбыл ойлы, орнықты, жинақы, ашық жанары зерделі болып көрінеді. Ал, Н. Гаев, А. Закворяшиннің туындыларындағы ақынның қатқылдау ойлы жүзінен өткеннің өткір болмысын көрсеткендей.1983 жылы Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің қорына Украинаның Сумы қаласынан Н. Ягодкиннің 1939 және 1940 жылдары акварельмен жазылған екі портреті түсті. Туындыларда бояу түстері нәзік, әрбір ұсақ детальдарды ұқыптылықпен бейнелеген.Ұлы отан соғысы жылдарындағы Жамбылдың шығармашылығының шыңына айналған «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңін Т. Говорова өзінің сериялық линогравюраларында көрсетті» - дейді Лаура Әбілдаева.

«Бақыт туралы жыр» көрмесінде әр түрлі ұлт пен тарихи кезеңдегі кескіндемешілердің, графиктердің және мүсіншілердің шығармалары «ХХ ғасырдың Гомері» Жамбыл Жабайұлының эпикалық бейнесін өз шығармаларында нақтылы түрде көрсетуге ұмтылған біріктірілген туындылары ұсынылған.






Соңғы жаңалықтар