Алматыда жалған қызметтерді пайдалану арқылы салық төлеуден жалтармақ болған азаматша ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жалған қызметтерді пайдалану арқылы салық төлеуден жалтармақ болған азаматша ұсталды. Ол жалған қызмет пен тауарды сатып алып, салық органдарына шығынын мол етіп көрсетуге тырысқан. Бұл туралы қалалық Салық депратаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Кәсіпорын басшысы құрылыс материалдарын сатып алу туралы жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімдеген. Кейін осының есебінен салық органдарына 739 млн. теңге көлемінде шығын шығарғаны жайлы декларация толтырған. Салық департаменті қызметкерлерінің тексеруі барысында кәсіпорын басшысының жалған компаниямен жұмыс істегені әрі аталған құжаттардың жалған екендігі анықталды», - деді баспасөз қызметінен. Аталған дерек бойынша қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қылмыстық іс қозғады. Сот шешімімен кәсіпорын басшысы бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ компанияға келтірген залалы үшін оған 90,4 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалалық Салық басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада түрлі механизмдер арқылы салықтың көлемін аз көрсететін салық төлеушілер көбейген. Олар жалған қызметтер мен тауарларды сатып алу туралы жалған құжат көрсетіп, сол арқылы компанияның шығындарын шамадан тыс көп көрсетуге тырысады. Сөйтіп төленетін салықты да азайтады. Былықтың беті ашылған кезде қызмет көрсеткен орган мүлде жоқ болып шығады. Есесіне негізгі пайда көруші - жалған қызметтерді сатып алушы жауапкершіліктен құтылып кетеді. Қазір Салық департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте түсуде.

Соңғы жаңалықтар