Алматыда жалдамалы пәтерлердің бағасы өскен

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 2021 жылдың қыркүйегінен бастап тұрғын үйді жалға алу мөлшерлемесі 50% - дан астам өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риэлторлық агенттіктердің мәліметінше, соңғы жылы жалға алуға сұраныс өскен, тиісінше, бұл бағаның өсуіне де әкелді.

«Алматының бір Әуезов ауданында 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 2022 жылдың маусымына дейін ауданы 35-45 ш.м бір бөлмелі пәтерлер 130 мыңнан 170 мың теңгеге дейін жалға беріледі. Салыстырмалы түрде алғанда, 2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың қыркүйегі аралығында жалдамалы пәтерлердің ай сайынғы бағасы 90 мыңнан 140 мың теңге аралығында өзгеріп тұрды. Осыған ұқсас 2019 және 2020 жылғы қыркүйек айларында жалдау құны 80 мыңнан 130 мың теңгеге дейін болған. Соңғы айларда бағалар әлі өз деңгейінде тұр. Бағалар төмендесе де аз бағаға төмендейді. Күзге жақын, жаңа оқу жылының басынан бастап бағалар қайтадан өсуі мүмкін», - деді ҚазАқпарат тілшісіне «Apartamenty Almaty» ЖШС жылжымайтын мүлік агенттігінің риэлторы Ерлан Дүйсенқұлов.

Риэлтор сондай-ақ бағаның қымбаттауымен тұрғын үйді жалға алудың қиындағанын айтты. Оның үстіне меншік иелері пәтерге кірген кезде клиенттерден 50 мың теңгеден жоғары мөлшерде депозит салуды жиі талап ете бастаған.

Алматыда тұрғын үйге сұраныс жоғары болып тұр. Негізінен, мегаполистегі риэлтордың қызметіне қаланы білмейтін немесе нашар білетін сырттан келетін азаматтар жүгінеді.

«Соңғы айларда туристер мен басқа елдерден келген азаматтардың көбеюімен тұрғын үй құны 250 мың теңгеге дейін өсті. Мысалы, бір күнде маған басқа елдерден келген бес адам қоңырау шалады. Өткен апта ішінде мен Ресей, Украина және Беларусь азаматтарына пәтер тапсырдым. Олардың көпшілігі пәтерді үш айдан алты айға дейін жалға алу туралы келісімшарт жасады», - деді риэлтор.

Ерлан Дүйсенқұлов жалға берілетін тұрғын үйдің бағасы ауданның орналасқан жеріне байланысты екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Алматыдағы жалдамалы пәтерлер бойынша аралық талдау жасап берді. Мысалы, Әуезов ауданында ауданы 35-40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерді жалға алу 130 мың және одан жоғары тұрады. Медеу ауданында дәл осындай пәтерді 25% - ға қымбат бағамен алуға болады. Бостандық және Алмалы аудандарында 15%-ға қымбат. Алатау ауданында осындай аумағы бар пәтерлер 15% - ға салыстырмалы түрде арзан. Жетісу ауданында 10%-ға, Түрксіб ауданында 20-25%-ға арзан.

«Жалға берілетін тұрғын үйдің бағасына бірнеше фактор әсер етеді, олар студенттердің келуі, доллар бағамы, инфляция. Мен пәтерді жалға беру және сату саласында шамамен 15 жыл жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде тұрғын үй нарығы қатты өзгерді. Кейде тіпті пәтер іздеушілер жағдайды өздері күрделендіріп жібереді. Ал тұрғын үй иелері жағдайды пайдаланып, нарықта ұсынылған бағаларға қарамай, өз бағаларын қояды. Әрине, клиент осындай бағаларды көріп, оны қалыпты баға деп санайды. Сондай – ақ, кейбір үй іздеген адамдар тұрғын үй іздеу қызметтерін дұрыс пайдаланбайтынын атап өткім келеді», - деді риэлторлық агенттіктің өкілі.

Еске салайық, мемлекет мұқтаж отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейтінін

және Алматыдағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жартысынан көбі жаңа нысанға ауысқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар