Алматыда зейнеткерді соққыға жыққан ер адам ұсталды
2022 жылғы 3 мамыр 17:20

Алматыда зейнеткерді соққыға жыққан ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде егде жастағы әйелді соққыға жыққан ер адам туралы видео тараған болатын. Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы күдікті ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алатау ауданы полиция басқармасының қызметкерлері арнайы шаралар жүргізу барысында күдіктінің тұлғасын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі таңда аталған тұлғаға қатысты арнайы тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның әрекетіне тиісті баға беріліп, заңды процессуалды шешім қабылданады», - деп хабарлады Алатау ауданының прокуратурасынан.

Ведомство мәліметінше, 74 жастағы әйелді өзінің 50 жастағы ұлы ұрған.

«Алатау ауданының полиция басқармасы 1972 жылы туған С.А.В.-ға қатысты өзінің 1948 жылы туған С.Н.И. анасына аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен, қасақана денсаулығына орташа ауыр зиян келтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмысты тергеу барысы прокурордың жеке бақылауында», - деді прокуратурадан.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, сыртқы бейнебақылау камерасына жазылған видеода алдымен, екі әйел арасында жанжал шыққанын, кейін ер адам олардың бірін жерге жығып, ұра бастағанын көруге болады.




Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT