Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлер қандай коммуналдық шығындардан босатылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері 3 айға коммуналдық шығындардан босатылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті бюджет есебінен қандай шығындар жабылатынын түсіндіргім келеді. Бұл - жылу, газ, сумен жабдықтау, кәріз, электр қуаты. Зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері коммуналдық шығындардан 3 айға босатылады», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары ШОБ субъектілерін коммуналдық нысандарды жалға алу ақысынан 6 ай мерзімге босатылатынын тілге тиек етті.

«Яғни, қала меншігіндегі ғиматаратты жалға алып отырған кәсіпкерлер алты ай мерзімге жалға алу ақысынан толық босатылады. Жекеменшік нысандарға келер болсақ, бұл мәселе әр нысанның иесімен жеке шешіледі. Қазір жеңілдіктер бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні «Silk way»,«Пассаж», «ЦУМ» сауда орталықтары зардап шеккендерді жалдау ақысын төлеуден босатуға дайын екендерін жеткізді»,- дейді Ілияс Өсеров.


Соңғы жаңалықтар