Алматыда зардап шеккен ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр
2022 жылғы 24 қаңтар 18:06

Алматыда зардап шеккен ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде 291 ғимарат, оның ішінде 62 әкімшілік ғимарат зардап шекті. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«12-16 қаңтар аралығында өрттен зардап шеккен үй-жайларды тазарту жүргізілді. ҚазҚСҒЗИ «Қазақстан» телеарнасының, Бас прокуратураның өкілдігінің, Алматы полиция департаментінің және аудандық полиция басқармаларының ғимараттарындағы техникалық тексеруді аяқтады. Қалалық әкімдік ғимараты бойынша зерттеу нәтижелері 2022 жылдың 28 қаңтарына күтілуде», - деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, сметалық норма бойынша жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге 10 нысанды қалпына келтіру жұмыстарының алдын ала құны есептелген.

««Қазақстан» телеарнасы 1 тамызға дейін, ал қалалық әкімдік ғимаратына 5 айда күрделі жөндеу мен қайта жаңарту жұмыстары жасалады деп күтілуде. Сондай-ақ, жеті нысанда, оның ішінде Бас прокуратура ғимаратында, полиция департаментінің тоғыз ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Ағымдағы жөндеудің барлық нысандары бойынша жоспарлы аяқтау мерзімі – 1 мамырға дейін», - деп нақтылады Мұхит Әзірбаев.

Спиккердің сөзінше, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен мемлекеттік органдардың 28 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтар болсақ, бес денсаулық сақтау нысанының үшеуінде жұмыстар аяқталды, үш аудандық полиция басқармасында оларды 28 қаңтарға дейін аяқтау көзделген.

Зардап шеккен 20 модульдік полиция бекеттерінің бесеуі жанып кеткен – олардың орнына жаңалары орнатылады, тағы 15-і қалпына келтіріледі, олардың 9-да жұмыстар аяқталу сатысында.

«Бүгінде жұмыс комиссиясы Алматыда 281 ШОБ нысанын анықтады, онда жөндеу қажет, олардың сегізіне күрделі. Зардап шеккен нысандардың жалпы санынан 184-і бойынша техникалық тексеру басталды, 87-і мемлекеттік сараптамаға жолданды, 24-і расталды. Қалған 97шағын және орта бизнес субьектісі өз қаражаты есебінен қалпына келтіріліп, 13 нысанда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды», - деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, ол тәртіпсіздік кезінде 11 тұрғын үй зардап шеккенін жеткізді. Оларды қалпына келтіру жұмыстар осы аптада басталады. Бүгінгі күні терезесі сынған 51 пәтердің әйнегі салынды.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT