Алматыда XIX Сурдлимпиада ойындары өтуі мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек құлағы мүкіс адамдардың Халықаралық спорт комитетінің президенті Валерий Рухледевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос тарап Алматыда 2019 жылы қысқы XIX Сурдлимпиада ойындарын өткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Валерий Рухледев қалада қысқы спорт түрлері, соның ішінде Сурдлимпиада ойындарын өткізу бойынша қажетті инфрақұрылымдардың бар екенін және сол арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды бұқаралық спортқа кеңінен тартуға болатындығын айтты.

«Біз Алматы қаласында салынған тамаша спорт инфрақұрылымымен таныстық. Нысандардың сәулеті және заманауи стандартқа сай жабдықталғаны, белсенді спорттық өмір де тәнті етті. Біз керлинг пен тау шаңғысы бойынша өткен республикалық жарыстарды, балалардың мәнерлеп сырғанау мен хоккей ойнау барысындағы жаттығуларын, сонымен қатар коньки мен шаңғыдан жаппай сырғанау сияқты шараларды көрдік. Осының барлығы, жоғары деңгейде өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада бүгінгі күні Алматының әлемдік қысқы спорт орталығы екенін дәлелдейді», - деді шетелдік сарапшы.

Оның айтуынша, Сурдлимпиадалық ойындар  қалалардың қоғамдық кеңістігін жақсартады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үші арнайы пандустар, лифтілер, тротуарлар, бағдаршамдар пайда болып, арнайы белгілер, визуалды көрсеткіштер және көптеген басқалары орнатылады.

«Құлағының мүкісі бар адамдардың Халықаралық спорт комитетінің құрылған 94 жыл ішінде қысқы Сурдлимпиада ойындары Азия құрлығында бірде-бір рет өтпепті. Көп жылдық тәжірибеден байқағанымыз, Сурдлимпиада ойындары өткен соң мүмкіндігі шектеулі жандардың бойында дене шынықтыру мен спортқа деген белсенділік арта түседі. Ойындар олардың ерік-жігерін, әлеуметтік өмірге деген қызығушылығын арттырады. Алматыдан өтінім түскен жоқ, бірақ біз қаланы осы ойындардың болып қалуы мүмкін астанасы санаймыз», - деп толықтырды ол өзінің сөзін.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде қалада 44,1 мың мүгедек тұрады. Олардың 5-мыңға жуығы құлағы нашар еститіндер. 2017 жылы мүгедектерге әлеуметтік көмек ретінде 4,1 млрд теңге бөлінді

Сурдлимпиада ойындары - құлағы  естімейтін адамдардың спорттық жарысы, алғашқы жарыс 1924 жылы Парижде өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар