Алматыда XI азаматтық форум өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда XI  азаматтық форум жұмысын бастады. Жиында бас қосқан  орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері азаматтық қоғамның даму мәселелерін сөз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам мәселелері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова қоғамдық кеңес жұмыстарының азаматтардың белсенділігін арттыра түскенін айтты.

«Бүгінде Қазақстанда еріктілер қозғалысына өте үлкен мән беріліп келеді, нормативті база жасалды,  статустары мен негізгі түрлері айқындалды. Министрлік 2018-2020 жылдарға арналған жол картасын жасады. Қазақстан еріктілер қозғалысы жүйелі форматқа көшіп келеді. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 20 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның жергілікті өзін-өзі басқару процесіне де қатысып, ашық сұхбат алаңдарын құруға септігімізді тигізетін боламыз»,- деді Әлия Ғалымова.

Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев азаматтық қоғамның дамуында әлі де шешілмеген мәселелер аз еместігін алға тартты.

Оның ішінде оқу орнының ұстаздары мен студенттері, ҮЕҰ, саяси қоғамдық ұйым өкілдерінің іс-әрекетінің үйлестірілуі жеткіліксіз.

«Негізінен бұл салада нормативтік-құқықтық база жетілдіруді талап етеді. Бүгінде әрекетсіз отырған ұйымдар өте көп. Ұйымдарды жабу процесінің өзі үлкен жұмысты талап етеді»,- деді Арман Қырықбаев.

Оның айтуынша, Алматы еліміздің ірі мегаполисі болғандықтан, азаматтық белсенділік ортасы болып қала бермек.

Мұнда 4 000 ҮЕҰ, 1000 БАҚ, 173 діни бірлестік тіркелген.

Соңғы 3 жылда Алматыда мемлекеттік тапсырыс көлемі 2 есе артып, 2,3 млрд теңге болды.

«Алматының 2020 жылға дейін даму бағдарламасы халықтың талқылауымен қабылданған алғашқы стратегиялық құжат. Қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстарында да міндетті түрде тұрғындардың ой-пікірі еленеді. Халық пен арадағы байланысты нығайту мақсатында әлеуметтік желіде қала әкімдігінің аккаунттары ашылды. Open Almaty қоғамдық қабылдауы жұмыс жасап тұр»,- деді Арман Қырықбаев.

Азаматтық форум өткізу туралы бастаманы бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын.

15 жылда форум ықпалды сұхбат алаңына айналды.

Биыл республикалық азаматтық форум қарашаның 27-28 күндері Астанада өтеді. Оған 600 ҮЕҰ, мемлекеттік орган қызметкерлері қатысады.

Алматыда өткен форумның басты мақсаты -  Астанада үлкен мінберден айтылатын мәселелерді пысықтау мен баратын делегаттарды іріктеу болып отыр.

null 

Соңғы жаңалықтар