Алматыда ұйғыр ұлтының өкілдері сайлауға ұлттық киіммен келді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Достық» ұйғыр шағынауданының өкілдері сайлауға өз ұлттық киімімен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гунчам Құдайбергенова қазақстандықтарды сайлау күнімен және келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Барлық қазақстандықтарды бүгінгі сайлау күнімен құттықтаймын. Біз Қазақстанның өркендегенін қалаймыз. Депутаттарға үлкен үміт артамыз. Себебі, олар Праламент Мәжілісінде халық атынан сөйлейтін болады. Біз балалар мен зейнеткерлердің жағдайы жақсы болуы үшін дауыс береміз. Баршаңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын», - деді Гунчам Құдайбергенова.

Тамара Тоқтыбақиева сайлау күні – қазақстандықтардың өміріндегі өте маңызды күн екенін атап өтті.

«Бүгін біздің мүддемізді қорғайтын болашақ депутаттар үшін өз дауысымызды береміз. Біз үшін бұл оқиға өте маңызды. Біздің Қазақстанымыз көпұлтты ел, біз бір-бірімізбен береке-бірлік, ынтымақта өмір сүріп отырмыз. Біз балаларымызға өздерінің дауыс беру құқығы мен сайлауға барудың қажеттлігі туралы әрқашан айтып отырамыз. Баршаңызға денсаулық, сәттілік, бейбіт аспан тілеймін», - деді ол.

Ризвангүл Амраева «Достық» шағынауданының тұрғындары сайлауға белсенді түрде қатысатынын айтты.

«Көңіл күйіміз өте жақсы. Біздің шағын ауданның барлық тұрғындары сайлауға өте белсенді қатысады. Біздің ұйғыр халқы бұл сайлаудан шетте қалмады. Менің ойымша, бүгінгі сайлау кейін жақсы нәтижесін беретін болады. Біз балаларымыз бен ұрпағымыздың болашағы үшін таңдау жасаймыз», - деді Ризвангүл Амраева.


Соңғы жаңалықтар