Алматыда үйдің төбесіне соғылған лифтіге қызмет көрсететін компанияның сертификаты болмаған

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Mega Towers» тұрғын үй кешенінде 25-қабатқа дейін бар жылдамдықпен көтеріліп барып, үйдің төбесіне соғылған лифтіні тексеру қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан лифтішілер ұлттық қауымдастығының сарапшылары мен Алматы қаласының даму және коммуналдық инфрақұрылым басқармасының қызметкерлері бірлесіп лифтіге техникалық тексеру жүргізді.

«Техникалық тексеру нәтижелері бойынша лифт кабинасының тоқтай алмай қалуы тежеу механизмінің ақауы салдарынан болғаны анықталды. Сондай – ақ, машина үй-жайын тексеру кезінде ауа температурасы барлық рұқсат етілген нормалардан асып, +45° көрсеткен. Бұл лифт жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға теріс әсер етеді», - деді Қазақстан лифтшілер ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев.

Тексеру қорытындысы бойынша лифтіге қызмет көрсететін «Л.» компаниясының лифтіге қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу құқығына өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті беретін аттестаты мен СТ-РК 3305-2018 лифтілері бойынша ұлттық стандартқа сәйкестігі туралы куәлігі болмағаны анықталды.

«Бұл сервистік компанияның қызметтің осы түрімен айналысуға, қызмет көрсетуге шарт жасасуға құқығы жоқ екенін білдіреді», - деп түсіндірді спикер.

Қауымдастық басшысы аталған ЖШС-ның Алматының тағы бірнеше элиталық тұрғын үй кешенінің лифтілерін күтіп ұстауды қамтамасыз ететініне алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органдар әкімшілік жазалау шараларын қабылдайды. Компания басшылығы жауапқа тартылуы мүмкін.

«Л.» компаниясы енді лифтілерге қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу құқығына аттестат пен ұлттық стандартқа сәйкестігі туралы куәлік алуы тиіс. Тек содан кейін ғана лифтілерге қызмет көрсетуі тиіс. Осылайша, компания заңнамада көрсетілген талаптарды орындайды», - деді Ержан Игібаев.

Сонымен қатар, спикер Алматыда лифтілерге қызмет көрсететін 60-қа жуық компания бар екенін атап өтті. Алайда, оларды тексеруде қазір қиындықтар бар. Себебі, 2023 жылға дейін елде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий қабылданған.

Ол ПИК, МИБ, ЖС төрағалары лифтілерге қызмет көрсететін компаниялармен шарт жасаспас бұрын, оларда аттестаттың болуы және барлық талаптардың сәйкестігі тұрғысынан тексеруі тиіс деп есептейді.

«Менің ойымша, лифт — қауіпті техникалық құрылғы. Бұл жерде бірінші орында қызмет көрсететін компанияның кәсібилігі және оның тиісті білікті персоналы тұруы тиіс», - деп мәлімдеді Игібаев.

Еске салайық, Алматыда «Mega Towers» тұрғын үй кешеніндегі лифт 25-қабатқа дейін бар жылдамдықпен көтеріліп, үйдің төбесіне соғылған болатын . Салдарынан жас жігіт зардап шеккен еді.


Фото: kievvlast.com.ua




Соңғы жаңалықтар