Алматыда «ұсталғандарды ұрып-соқты» деп айыпталған полиция қызметкерлеріне сот үкімі шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ұсталғандарды ұрып-соқты» деп айыпталған полиция қызметкерлері 2 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Түрксіб аудандық сотының судьясы Керімова Халимат Бақытжан Қолдасбеков пен Медет Әкімханды ҚР ҚК 141-бабының 1-тармағы бойынша (адамның құқығын тікелей әрі жанама шектеу) айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ мемлекеттік органдарда және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге 3 жылға шектеу қойылды. Олар жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейтін болды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкім жарияланған сәттен бастап 15 тәулік ішінде олар апелляциялық шағым түсіре алады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ криминалды полиция бөлімінің қызметкері Бақытжан Қолдасбеков пен ІІЖБ кадрлық қызметінің инспекторы Медет Әкімхан ұсталған адамдарды ұрып-соғып, жасамаған қылмыстарын мойындарына ілгісі келген.

Істе көрсетілген материалдарға сәйкес, 2013 жылдың қарашасында жапа шегуші Есенов Айдарбек пен Керімбаев Мақсат Алтынкөл стансасында болған ұрлыққа қатысы бар екендіктерін мойындап, полицияға өз еріктерімен келген. Жауап алғаннан кейін аты аталған құқық қорғау саласының қызметкерлері оларды соққының астына алған. Сот медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша ұрып-соғу барысында Мақсат Керімбаевтың басы жарылып, қабырғаларының сынғандығы анықталды.

Соңғы жаңалықтар