Алматыда «ұсталғандарды ұрып соқты» деп айыпталған полиция қызметкерлері 7 жылға бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ұсталғандарды ұрып-соқты» деп айыпталып отырған полиция қызметкерлері 7 жылға бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Бүгін Түрксіб аудандық сотында Алматы-1 стансасындағы Ішкі Істер желілік басқармасының (ІІЖБ) екі қызметкерінің ісі қаралды. Істі судья Халимат Керімова қарауда.

Сот отырысы барысында прокурор мәлім еткендей, Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ криминалды полиция бөлімінің қызметкері Бақытжан Қолдасбеков пен ІІЖБ кадрлық қызметінің инспекторы Медет Әкімхан ұсталған адамдарды ұрып-соғып, жасамаған қылмыстарын мойнына ілгісі келген. Істе көрсетілген материалдарға сәйкес, 2013 жылдың қарашасында жапа шегуші Есенов Айдарбек пен Керімбаев Мақсат Алтынкөл стансасында болған ұрлыққа қатысы бар екендіктерін мойындап, полицияға өз еріктерімен келген. Жауап алғаннан кейін аты аталған полиция қызметкерлері оларды соққының астына алған. Сот медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша ұрып-соғу барысында Керімбаев Мақсаттың басы жарылып, қабырғаларының сынғандығы анықталды. «Мені қайта-қайта соққыға жығып, тырнағымның астына ине жүгіртті. Бізге белгісіз бір қылмыстарды теліп, 130 қорап темекі ұрлығына қатысым бар деп мойындауымды талап етті», - деді жапа шегуші Мақсат Керімбаев. Айыпталушылар өздеріне телінген айыпты мойындамайтындықтарын жеткізді. «Қазір Бақытжан Қолдасбеков пен Медет Әкімхан ҚР ҚК 141 бабының 1 тармағы бойынша (адамның құқығын тікелей әрі жанама шектеу) айыпталып отыр. Егер, сот полиция қызметкерлерін айыпты деп таныса, олар ең ұзақ мерзімді жаза түрі бойынша 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін. Әрі оларға 7 жылға дейін белгілі бір лауазымды қызметтерді атқаруға тыйым салынады», - деді Семиреченск көлік прокурорының аға көмекшісі Визир Мирзоев.

Соңғы жаңалықтар