Алматыда ұшқалы тұрған рейстен Өзбекстан азаматы түсірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері «Алматы-Ташкент» бағытындағы ұшақ бортынан масаң күйде болған Өзбекстан азаматын түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«14 наурыз күні Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне ұшуға дайындалып тұрған «Алматы-Ташкент» бағытындағы ұшақ бортында құқық бұзушы бар екендігі туралы хабарлама түскен. Тексеру барысында көлік полицейлері әуе компаниясы қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ аспай, балағат сөздер айтып, жолаушылардың тыныштығына кедергі келтірген Өзбекстан Республикасының 36 жастағы азаматын анықтады. Мән-жайды анықтау үшін масаң күйдегі азамат аталған әуе рейсінен түсірілді», - делінген ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, шетел азаматы «орташа дәрежедегі» алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

«Құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 13 255 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, аталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық бойынша да әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта материал Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі құқық бұзушылықтар үшін 12 601 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде алкогольдік ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгендер саны – 1326.


Соңғы жаңалықтар