Алматыда үшінші бизнес форум өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «КО аясындағы тауар, қызмет, капитал, еңбек күшінің еркін қозғалысы: тәуекел, мәселе, шешім» тақыбырында үшінші бизнес форум жұмысын бастады.

Аталған шара 13 маусымға дейін жалғаспақ.

Бүгінгі басқосуға Беларусь, Ресей, Қазақстаннан бірнеше ірі кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері келіп отыр. Жиналғандар негізінен сауда миссиясын қозғады.

«Бүгінгі форум барысында экономикалық интеграция аясында кәсіпкерлердің еркін дамуына қандай мәселе кедергі болып отырғаны анықталып, оларды шешу жолдары талқылануда. Кәсіпкерлер өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алып, мамандардың кеңесін тыңдауда. Мұндай кездесулер өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Сондай-ақ, секциялық тақырыптарға бөлінген дөңгелек үстелдерде Алматы қаласының инвестициялық жобалары, КО аясында Метрология, техникалық реттеу, кедендік рәсімдеу мәселелері, интернет-сауданы дамыту жолдары талқыға түсетін болады», - деді ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Мұхтархан Бияров.

Маманның айтуынша, бірыңғай экономикалық кеңістікте отандық кәсіпкерлер үшін негізінен техникалық реттеу, сәйкестік сертификатын алу жайы қиындық туғызып отыр.

«Алғашқы кезде КО шеңберінде тауарлардың еркін қозғалысы кезінде сәйкестік сертификатын алу өте қиын болды. Қазақстанда оны беретін зертханалардың жоқтығы үлкен бөгет туғызды. Соның салдарынан отандық тауарлар қоймаларда тұрып қалды. Қазір бұл мәселелер Кедендік одақ комиссиясы мен ҚР Техникалық реттеу, метрология комитетінің араласуымен шешімін тауып жатыр. Тауарлар бойынша ортақ техникалық регламенттер жасалуда. Аталған жайттардың бәрі де өткен жылғы форумда көрініс тауып, кедендік комиссияға жолданған болатын. Биыл да бұл форум көптеген мәселелерді шешімін табуға септігін тигізетін алаңға айналады деп сенеміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар