Алматыда үш жастағы баланың асқазанынан батарея отасыз алынды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер үш жасар бала жұтып қойған батареяны отасыз алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, баланың ата-анасы Алматы қалалық Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығына жүгінген. Сәбидің анасы баласының қолындағы шынашақтай батареяны кенет аузына салып, жұтып қойғанын айтқан.

«ФГДС зерттеуі бөгде заттың барын көрсетті - асқазанның төменгі жағында шынашақтай кішкене батарейка табылды. Балалар жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері баланың денесінен қауіпті затты шығаруды дереу қолға алды. Себебі, батареяны жұтқан соң, қабыну процесі бірнеше сағат ішінде басталады. Бұл асқазанның немесе өңештің шырышты қабығының күйіп кетуіне, тіпті осы органдардың перфорациясына әкелуі әбден мүмкін»,-деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында.

«Батареяны шығару кезінде ол қайта-қайта өңештің жоғарғы үштен бір бөлігінен, дәл жоғарғы физиологиялық тарылу аймағында сырғып кете берді. Содан біз батареяны жоғарғы үштен бір бөлікке жеткізіп, оның артына Фолей катетерін қоюды шештік. Батарея Дормия кәрзеңкесінің (эндоскопиялық процедуралар кезінде қуыстағы тастар мен түрлі бөгде денелерді алып тастауға арналған құрал) көмегімен алынды. Содан кейін Фолей катетері үрленіп, эндоскоптық түтік және бөгде денені ұстап алған Дормия себетімен бірге асқазан мен өңештен сәтті шығарылды», - деді Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирург-эндоскопист дәрігері Мұрат Дүйсебаев.

Осыған орай, хирургиялық ота жасаудың қажеті болмаған.

«Жыл басынан бері Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына асқазан-ішек жолдарында бөтен зат бар 125 бала, тыныс жолдарында бөтен зат бар 32 бала түскен. Көбінесе балалар тиын, батарея, кішкентай ойыншықтарды жұтады. Өкпеде дәрігерлер негізінен жержаңғақ, тұқым, грек жаңғағы, қалам қақпағын табады»,- деп хабарлады ведомствода.

Жоғарыда аталған жағдайға байланысты дәрігерлер ата-аналардан кішкентай балаларына мұқият қарауды, олардың ойнайтын заттарына назар аударуды сұрады.


Соңғы жаңалықтар