Алматыда үш тілде еркін сөйлейтіндердің байқауы өтуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Байқауға қатысушылар таңдалған тақырып бойынша жасаған әзірлемелерін ұсынып, шығарма жазуы және берілген мәтінді ауызша баяндауы тиіс болды.

«Қатысушылар өздерінің тіл байлығын, үш тілде сауатты сөйлеу дағдысын көрсетуі тиіс. Байқауға қатысушылар берілген тапсырмаға сай алдын ала дайындап келген аудио- және видеоматериалдарын пайдалана алады. Әр кезеңнен кейін қазылар алқасы аз балл жинағандарды байқаудан шығарып отырады», - деді ұйымдастырушылар.

Байқауға белгілі тілшілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кәсіби аудармашылар қазылық етіп жатыр. Бірінші, екінші және үшінші орынды алғандар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады.

Жеңімпаз республикалық байқауда Алматының намысын қорғайтын болады.

Еске сала кетейік, «Тілдарын»  байқауы қаза, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізіліп жатыр. Оның мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын жастар арасында насихаттау, дарынды жастарды қолдау, сондай-ақ жастарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренуге ынталандыру.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ағылшын тілінің маңыздылығына тоқталған.

«Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпей­тіндей», - деп жазады Н.Назарбаев. 

Соңғы жаңалықтар