Алматыда үш көше ұзартылып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қаладағы көшелер қалай ұзартылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, Наурызбай ауданында Абай даңғылы мен Төле би және Жұбанов көшелері ұзарады.

«Абай даңғылы ауданның әкімшілік орталығынан қала шекарасына дейін 600 метрге ұзартылатын болады. Ол үшін 73 жер учаскесін сатып алу қажет, 41 учаске сатып алынды, қалғандары 2023 жылдың соңына дейін құрылыс барысында алынады», - Ерболат Досаев.

Қазір Төле би көшесі ұзартылып жатыр. Биыл Алматы қаласының әкімдігі инженерлік коммуникацияларды қайта орнатып, «Алма Сити» тұрғын үй кешенінің жанынан жол төсеу жұмыстарын жүргізеді.

«Осы жылдың соңына дейін Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қаланың шетіне дейін ұзарту жобасы аяқталады. Осы аталған жобаларды орындау көлік ағымын азайтады және Наурызбай ауданының мегаполистің іскерлік орталығымен көліктік қатынасын қамтамасыз етеді», – деді қала басшысы.

Сонымен қатар, биыл Наурызбай ауданында «Шұғыла» және «Тастыбұлақ» шағын аудандарында 14,5 км жолды жөндеу және «Ақжар» шағын ауданындағы 89 көшеге 45 км жол төсеу жұмыстары басталды.


Соңғы жаңалықтар