Алматыда ұрланған ұялы телефондар Қырғызстан мен Тәжікстанға кетіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда ұрланған ұялы телефондар Қырғызстан мен Тәжікстанға кетіп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Алматыда  ұялы телефон ұрлығы өршіп тұрғандығын айтып, қалалық ішкі істер департаментіне ұрланған телефон сататын сауда нүктелеріне рейд жүргізуді тапсырған болатын.

«Жалпы ұрлаған кезде оны бұл жерде сатпайды. Оны Қырғызстан мен Тәжікстанға алып кете береді.  Сондықтан шекарада жұмыстарды күшейтіп, оған жол бермеу керек. Алдағы уақытта телефондарымыз тіркелмесе, қала тұрғындары оны қолдана алмайды. Бірақ, ол шетелге кетіп жатыр», - деді осы мәселеге қатысты сөз алған Алматы қаласының әкімі.

Жалпы әкім дерегінше, Алматыда жыл басынан бері 126 мың  адам жауапкершілікке тартылып, 800 млн теңгеге айыппұл салынған. Қазіргі уақытта аталған айыппұлдың жартысы өндіріп алынған.  Осы жұмыстардың нәтижесінде қылмыс 8,7 пайызға, оның ішінде бұзақылық 28, пәтер тонау 14, ұрлық 11, бопсалау 6 пайызға төмендеген.

«2 жылдың ішінде 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Полицияны жабдықтау 23 пайызға артып,  87 пайызға дейін жетті. Бұл республика бойынша  ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Заңға сәйкес, жергілікті  полиция ішкі істер органдарының бірыңғай құрылымына  кіретіндіктен өңір әкімдігі жедел іздестіру қызметіне араласа алмайды. Жалпы ішкі істер органдары алдындағы  міндеттерді нақтылау аясында 2 жылдың ішінде әкімдік комиссияларының 21 отырысы өтті. 4 аудандық ішкі істер басқармасының және жергілікті полиция қызметінің басшыларын ауыстыру ұсынылды. 102 қызметінің жұмысы жаңғыртылды. 35 базарда жүйелі түрде рейд жүргізілді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар