Алматыда ҰОС және еңбек ардагерлеріне тегін медициналық көмек көрсетілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інде ардагер-әйелдерге арналған «Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциясы өтті.

Іс-шараны университетте оңтүстіккореялық «Кагнам Северанс» клиникасымен бірге ашылған «Smart Health» медициналық диагностикалық орталық қызметкерлері Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз қарсаңында өткізіп отыр. Бостандық ауданының 12 азаматшасы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, оларға теңестірілген тұлғалар тегін диагностикалық тексеруден өтіп, кешенді медициналық көмекті пайдаланды. Емхана мамандары қарияларға арнайы сыйлықтар табыс етіп, дастархан жайды.

«Акция 8 наурыз бен Ұлы Жеңіс күніне 70 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. «Болашақ» қорымен бірлесе отырып, өздігінен жүріп-тұруға қауқары бар ардагерлерді тегін тексеруден өткіздік. Қан сараптамасы, рентген, қан қысымын, көз жанарын тексеру тағы басқа түрлі диагностикалық шаралар жасалды»,- деді орталық директоры Эрнест Қалиев.

Үйінен шығуы қиындаған апаларға да жағдай қарастырылған. Медициналық орталықтың серіктесі «Колеса» такси қызметі ардагерлерді диагностикалық орталыққа және тексеруден өткен соң үйлеріне жеткізіп салды. Әр қарияға ҚазҰУ-дың ерікті-студенттері көмектесіп жүрді.

Соңғы жаңалықтар