Алматыда ҰОС ардагерлеріне шипажайға жолдама табыс етілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Болашақ» қауымдастығының түлектері 15 ардагерге шипажайда демалуға мүмкіндік беретін жолдама табыс етті. Қариялар «Алатау» шипажайында денсаулығын сауықтыратын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Болашақ» қауымдастығы 70 ардагерге қамқорлық көрсетіп келеді.

Олардың 15-і ғана сауалнама барысында шипажайда демалуға ықылас білдірген.

Айта кету керек, «Болашақ» қауымдастығы Жеңіс күніне орай «9М» шарасын ұйымдастырған болатын.

Игі бастама 2012 жылдан бастап жүзеге асып келеді.

Жыл сайын аталған жоба аясында жалғызбасты, көмекке мұқтаж ардагерлерге материалды көмек көрсетіліп келеді.

«Бұл ардагерлер үшін жасалып отырған шаралардың бірі ғана. Аталған жолдамалар бойынша ардагерлер кепілді, сауықтыру көмегіне қол жеткізе алады. Оларды емдеуге жоғары білікті мамандар жұмылдырылады», - деді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Алматы - Resort» шипажайының басшысы Қанат Төсекбаев.

Ол өзге де шипажайлар мен оңалту орталықтарын осы бастаманы ары қарай қолдауға шақырды.

Ардагерлер мұндай сыйлыққа дән риза. Олар Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылатын Әскери шеруге қарсы күш жинауға ынталы.

Соңғы жаңалықтар