Алматыда ҰОС ардагерлеріне шипажайға тегін жолдама берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Болашақ» қауымдастығы мен «Алматы-Resort» шипажайы бірлесе отырып 15 ҰОС ардагерлері мен еңбек ардагеріне 10 күндік шипажай жолдамасын табыстады.

Аталмыш шара 2012 жылдан бері іске асып келе жатқан «9М» жобасының аясында ұйымдастырылды. «Ардагерлерге құрметті Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, жыл бойы көрсету керек. Өкінішке орай, олардың саны азайып келеді. Келесі жылы да осы дәстүрімізді жалғастырамыз. «9М» жобасына қосыламын деген азаматтар болса, тек қуанамыз», - деді «Болашақ» қауымдастығының Алматыдағы директоры Қымбат Бейсекина. Айта кету керек, қариялар мұндай сыйлыққа өте риза. Өйткені олардың пайдалы ас ішіп, емделіп, табиғат аясында демалып қайтуына жағдай жасау ең игі іс. Жоғары санаттағы дәрігерлерден алған оңалту шаралары да денсаулықтарының жақсаруына оң әсер ететіні анық. Өз тарапынан қариялар жобаны ұйымдастырушыларға, оның ішінде «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Қанат Төсекбаев пен шипажайдың қазіргі президенті Талғат Тұңғышбаевқа алғыстарын білдірді. «9М» жобасы - 2012 жылы «Болашақ» қауымдастығы ҰОС ардагерлерінің ерліктерін насихаттау және үлгі ету мақсатында ұйымдастырған жоба. Жыл сайын жоба аясында ҰОС ардагерлеріне және еңбек майданының қатысушыларына, әсіресе, жалғыз басты, мұқтаж жандарға материалдық және медициналық көмектер көрсетілуде. «9М» жобасын стипендиаттар мен белсенді жастар әрдайым қолдап отырады.

Соңғы жаңалықтар