Алматыда Үндістанның тәуелсіздік күніне орай мерекелік концерт өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Ғылым ордасы» сахнасында Үндістанның тәуелсіздік күніне орай «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығының» бишісі Ләззат Полатбектің мерекелік концерті өтті.

Өнерпаз көрермендерге тұңғыш рет Бхаратанатьям стилінде би орындау шеберлігін паш етті.

Салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде қатысқан Алматыдағы Үндістанның Бас консулы Навин Капур мен мәдениеттанушы Мұрат Әуезов осындай шаралардың екі ел арасындағы бірлік пен жоғалтып алған Ұлы Жібек жолы кезіндегі мәдени байланысты дамытуда рөлі зор болатындығын айтты.

Ләззат Полатбектің ұстазы - ҚР Мәдениет қайраткері, өнер магистрі Ақмарал Қайназарова өзінің шәкіртінің өнеріне тәнті екендігін жеткізді.

«Үнді биі өнерінде «арангетрам» деген түсінік бар. Ол - Гурудың жетекшілігімен өзіндік стилі бар бағдарламаны толық меңгерген соң бишінің көрермен алдына тұңғыш шығуы. Бұл - ұстаз-Гуру мен оқушының бірегей еңбегінің жемісі. Концерт ұстаз үшін де, оқушы үшін де - сынақ. Көрермен-сыншы екеуінің біріккен еңбегі мен Гурудың жеке білімділігін, бишінің кәсіби дарынын бағалайды. Менің шәкіртім өз өнерін жоғары дәрежеде көрсете білді», - деді А.Қайназарова.

Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш және жалғыз Үнді классикалық би орталығының негізін қалаушы, хореограф, Бхаратанатьям Үнді классикалық биін орындаушы Ақмарал Қайназарова 2006 жылдан бері Полатбек Ләззаттың ұстазы болып келеді.

Соңғы жаңалықтар